Зейнетақыдағы “қолсұғылмайтын” сома жаңа тәсілмен есептеледі

Зейнетақыдағы “қолсұғылмайтын” сома жаңа тәсілмен есептеледі

фото: www.gov,kz

       Маусым айының алғашқы аптасында Қазақстанда зейнетақы жинағындағы ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу тәртібі өзгереді. Бұл көрсеткіш азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге немесе емделуге пайдалана алатын қаражат көлемін анықтайды. Ал белгіленген шектен төмен жатқан сома зейнетақы қорында сақталады.

       Жаңа әдістеме 4–5 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұған дейін есептеу қарапайым қағидатпен жүргізілсе, енді мамандар адамның болашақтағы зейнетақы төлемдерін жан-жақты талдайтын модельге көшеді.

       Есептеу барысында азаматтың жасы, еңбек етуге қалған кезеңі, орташа өмір сүру ұзақтығы, болашақтағы жарна көлемі және мемлекет кепілдік беретін ең төменгі зейнетақы мөлшері ескеріледі. Сонымен қатар алғаш рет инвестициялық табыс болжамы да назарға алынады. Яғни, жинақтағы қаражаттың болашақта қаншалықты өсетіні де есепке қосылады.

       Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл әр азаматтың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Осылайша жеткіліктілік шегі тек қазіргі жинаққа емес, оның келешектегі әлеуетіне де негізделетін болады.

Подписаться