Қазақстанның теміржол саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Бүгінде елдегі жүк вагондарының саны 150 мыңға жуықтап, тасымал әлеуеті артып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еліміздегі жүк вагондары нарығы толықтай бәсекелестік қағидаттар негізінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда жүк вагондары паркінің көлемі шамамен 147 мың бірлікті құрайды. Оның басым бөлігі жеке меншік операторлардың иелігінде.
«Тасымалдау үдерісінің тиімділігін арттыру және теміржол инфрақұрылымының мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында вагон паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді», – деді ведомство басшысы.
Теміржол көлігін жаңғырту тек жүк тасымалы саласымен шектелмейді. Соңғы жылдары жолаушыларға қызмет көрсететін 650-ден астам вагон жаңартылып, пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде жолаушылардың сапалы әрі қауіпсіз қызмет алуына мүмкіндік жасап отыр.
Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшеймек. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жолаушылар вагондарының жаңару деңгейі 90 пайызға дейін жеткізіледі.
«Негізгі мақсат – азаматтарды қауіпсіз, заманауи және жайлы теміржол көлігімен қамтамасыз ету», – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да жүзеге асырылуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасы шеңберінде республика бойынша 124 вокзалды күрделі жаңғырту жобасы қолға алынған.
Теміржол саласындағы бұл өзгерістер көлік инфрақұрылымының сапасын арттырып қана қоймай, ел экономикасының дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.