Құтыру –емі жоқ ауру

Құтыру –емі жоқ ауру

фото: www.istockphoto.com

       Қазіргі кезде адамдар қаңғыбас иттер мен жабайы жануралардың шабуылына жиі ұшырап жатқанын білеміз. Осындай жағдайлардан соң  құтыру ауруы таралуы мүмкін.

       Құтыру (гидрофобия, гидрофобия) немесе латын тілінен аударғанда «құтыру» – сүтқоректілердің, соның ішінде адамның жүйке жүйесіне әсер ететін ең қауіпті жедел вирустық инфекциялардың бірі. Осы тақырыпта Ұлттық госпитальдің инефекционист дәрігері Сәуле Шағыманова бірқатар маңызды ақпараттарды ұсынды.

       - Ауру орталық жүйке жүйесіне қатты зақым келтіріп, агрессивті мінез-құлық, сілекей ағу, гидрофобия секілді көрініс береді. Уақытылы медициналық көмек болмаса клиникалық симптомдар өршіп, соңы  100% өліммен аяқталады.  ДДС ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын дүние жүзінде құтырудан 55 мыңнан астам адам өледі екен. Өкінішке қарай  40 пайызы 15 жасқа дейінгі балалар.  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша  2025 жылы 60 153 адам жануарлардың шағуы, тырнауы және жалауы бойынша медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ құтыру ауруы салдарынан  үш адамның өлімі тіркелген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында жануарлардың шабуылынан зардап шеккен 14 134 адам медициналық көмекке жүгініпті. Бірақ құтыру ауруы тіркелмеген. Ауру маусымға байланысты емес, дегенмен көп жағдай  саны көктем мен жазда болады.           

Ауру қалай таралады?

       - Құтыру ауруын рабдовирустар тұқымдасының вирусы қоздырады, ал инфекция көзі - жылы қанды жануарлар. Инфекцияның таралуына қарай жабайы жануарлар (қасқыр, түлкі, борсық, шибөрі, сасық, жарқанат, кеміргіштер) тарататын табиғи түрі және иттер мен мысықтар (қаңғыбас және үй жануарлары) тарататын қалалық  түрі және ауыл шаруашылығы жануарларынан (сиыр, жылқы, шошқа) деп  бөлінеді.  Құтыруды  жабайы жануарлар шабуылынан кейін  үй жануарлары да жұқтырады.  Инфекция адам мен жануарларға сілекей арқылы жұғады.  Әдетте тістегенде, тырнағанда және сілкей аққанда, сондай-ақ адамның шырышты қабаттарымен тікелей байланыста болғанда (мысалы, жұқтырған сілекей көзге, ауызға немесе ашық жараларға түскенде) беріледі. Вирустар жараға еніп, тістеген жерде ұзақ уақыт бойы көбейеді, содан кейін жүйке тіңдері бойымен жұлын мен миға өтіп, менингоэнцефалит тудырады. Содан кейін вирус сілекей бездеріне түседі, ол жерден ауру жануардың сілекейі арқылы қоршаған ортаға бөлінеді.     

Құтыру вирусын жоюға бола ма?

       - Ол тікелей күн сәулесінің әсерінен, кептірілгенде немесе тұрмыстық дезинфекциялық заттар мен алкогольдің әсерінен тез өледі. 60°С-қа дейін қыздырғанда 10 минут ішінде өледі, ал жануарлар өлексесінде үш айға дейін өмір сүреді. Құтырманың инкубациялық кезеңі (тістеу мен  аурудың басталуына дейінгі уақыт) орта есеппен 30-50 күн.  Дегенмен ол 10-нан 90 күнге дейін созылуы, ал адамдарда ол бір жылға дейін немесе одан да көп болуы мүмкін. Бұл кезең адамның жасына, денсаулығына, иммундық жүйесіне, тістеген жеріне және жұтылған вирустың мөлшеріне байланысты. Жара неғұрлым үлкен және терең болса, соғұрлым инфекция қанға түседі. Жануарлар құтыру қоздырғышын аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 3-10 күн бұрын сілекейімен бөле бастайды. Бұл кезеңде жануар өлгенге дейін құтырудың қауіпті көзі болып қалады. 99% жағдайда адамдар құтыруды басқа жануарлар жұқтырған иттерден, тіпті қолға үйретілгендерден жұқтырады. Америкада , Үндістанда және Амазонка джунглиінде адамдар құтыру ауруын жарғанаттардан жұқтырады. Мойын, бет, бас, қолды шағуы  қауіпті,  әсіресе  балалар үшін де өте қауіпті.Саяхатшылар бұл туралы білуі керек! 

Құтырудың негізгі белгілері қандай?

       -Құтыру бірнеше кезеңнен өтеді және орталық және шеткі жүйке жүйесінің зақымдану белгілерінен байқалады.1 кезең – продромальды (ерте кезең) – 1-2 күнге созылады. Жазылған жара немесе тістеген тыртықтың  орнында, нервтердің бойында қышу мен ауырсыну пайда болады, қызыну сезімі және гиперестезия (тері сезімталдығының жоғарылауы) байқалады. Дене қызуы 37,5–38°С-қа дейін көтеріліп, бас ауруы, мазасыздық, ашушаңдық, ұйқысыздық пайда болады. Адам оқшауланып, қарым –қатынастан  тыйылады.  Ауыз құрғап, тәбет төмендейді.  Жүрек айнып, құсу және жиі терлеу байқалуы мүмкін.2 кезең – қозу және агрессия – 2-3 күнге созылады. Ол тітіркендіргіштерге сезімталдықтың күрт жоғарылауынан байқалады.  Жарық, шу, қатты дыбыстар әсер етіп, аяқ-қолдардың құрысып,  адам қатып қалады. Бір нүктеге  қадалады, бет әлпеті ауырып, сілекеймен аяқталады. Гидрофобия (гидрофобия) дамиды.  Су ішуге әрекеттенгенде немесе тіпті суды көргенде жұтқыншақтың және көмейдің бұлшықеттерінің  спазмолитикалық жиырылуы білінеді. Тыныс алғанда шулы дыбыс шығарып, сілекей бөлінуі күшейеді, экзофтальм (көздің домбығуы) және мидриаз (қарашықтардың кеңеюі) дамиды. Мінез-құлық агрессивті болады.  Олар киімдерін жыртып, айғайлап, галлюцинациялар пайда болуы мүмкін.3 кезең – салдану кезеңі. Аяқ-қол, тіл, бет пен көзде сал ауруы пайда болып, қан қысымы төмендейді,  жүрек соғысы жиілейді. Бұлшықеттерінің салдануы және жүректің тоқтап қалуы өлімге апарады . Бұл ауру  белгілері басталған соң  шамамен 3-тен 7-8 күнге дейін созылады.       

Айтыңызшы, негізі бұл ауру емделе ме?

       - Ауру жұқтырған адам дереу жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылуы керек. Кез келген тітіркендіргіштерді жою үшін науқасқа тыныштықта  күңгірт жарық беріледі. Антиконвульсанттар, ауырсынуды басатын және ұйықтататын дәрілер тағайындалады. Детоксикация терапиясы, жасанды желдету, құтыруға қарсы иммуноглобулин енгізіледі.Болжам бойынша  науқас 100% жағдайда алғашқы белгілер пайда болған кезде өледі.        

Құтырудың алдын алу үшін не істеу керек екенін айта отырсаңыз..

       -Құтыру ауруының алдын алу үшін  халықты ақпараттандырған жөн. Қаңғыбас ит, мысықтармен  күресу шараларын қолға алып, қоқыстарды уақтылы жинау және кеміргіштермен күресу қажет. Үй жануарларының иелері иттер мен мысықтарға екпе жасату керек. Сонымен қатар жануарларды серуендету кезінде қарғыбау және тұмылдырық тағып, оларды басқа жануарлардың шабуылынан қорғаңыз. Құтыруды жұқтыру қаупін азайту үшін жұртшылық мына қарапайым ережелерді сақтаған дұрыс:жануарларды тек ветеринариялық сертификаты бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу керек. Үй және ауылшаруашылық жануарларын міндетті түрде ветеринарлық қызметке тіркеп, құтыруға қарсы екпе жасатқан жөн. Қаңғыбас жануарлардан аулақ болыңыз.  Оларды қолмен тамақтандырып, сипаламаңыз. Ветеринариялық сертификаты жоқ,  аурудан өлген ауыл шаруашылығы немесе үй жануарларын союға және өз бетімен жоюға болмайды.  Ауырған немесе өлген  малдың етін  ешқашан сатпаңыз! Белгісіз жануардың шабуылына ұшыраған жағдайда дереу құтыруға қарсы ем алыңыз. Қауіпке жақын  топтың  адамдарына (бақташылар, аңшылар, орманшылар, ветеринарлар, аңшылар және балықшылар) негізгі профилактикалық шара  - егу болып табылады.  Есіңізде болсын,  жабайы жануарлар адамдардан аулақ жүреді. Олармен  кез келген байланыс құтыру қаупі болып саналады.1. Вирус тіндерге жануардың сілекейінен енеді.2. Вирус тістеген жердің жанындағы бұлшықеттерде көбейіп, перифериялық жүйке жүйесіндегі нейрондарға шабуыл жасайды.3. Вирус орталық жүйке жүйесіне қарай жылжиды.4. Вирус жұлынға көтеріледі.5. Вирус миға жетіп, ауыр энцефалит тудырады.6. Вирус сілекей бездеріне және зардап шегушінің басқа органдарына енеді.              

 Үй немесе жабайы жануар  адамға  шабуыл жасаса  не істеу керек?

       -Егер адамды екпе алмаған  ит, мысық немесе басқа әсіресе агрессия белгілері бар жануар немесе жабайы хайуан  тістеп алса, жараны дереу 15 минут ішінде тазарту керек.  Жылы сумен  сабындап  жуып, оны дезинфекциялау құралымен өңдеңіз, сосын дереу емханаға немесе жедел жәрдем бөлмшесіне  барыңыз. Ол жерде жараны емдейді және құтыруға қарсы екпемен  қоса, шұғыл спецификалық профилактика жүргізіледі. Қазіргі уақытта екпе  құтыруға қарсы сарысумен немесе иммуноглобулинмен бірге қолданылады. Инъекция жараның тереңіне және айналасындағы жұмсақ тіндерге енгізіледі. Екпенің тиімділігі тістегеннен кейінгі емдеу уақытына тікелей байланысты. Адам тезірек көмекке жүгінсе, нәтиежесі де жақсы болады.  Вируспен байланысқаннан кейін бірден салынғант екпе  құтырудың дамуын болдырмауға және адамды емдеуге көмектеседі. Есте сақтаңыз! Құтыру вирусы сілекей арқылы беріледі. Сондықтан, егер сізді  немесе сіздің үй жануарыңызды жабайы жануар (тиін, кірпі, түлкі, қасқыр), егеуқұйрық, басқа ит немесе мысық тістеп, жалап немесе тырнап алса, алғашқы белгілердің пайда болуын күтпеңіз. Дереу дәрігерге қаралыңыз! Бұл аурудың жалғыз емі - құтыруға қарсы екпе. Алматыда орталық қалалық клиникалық аурухана, жедел жәрдем ауруханасы,  №4 қалалық клиникалық аурухана және №7 қалалық клиникалық аурухана сияқты ірі көпсалалы емдеу орындарының  травматологиялық пункттеріне баруға болады.

       Шабуылға ұшыраған жануар бақыланады. Оны оқшаулап,  (бірақ оны өлтірмеу керек!) мүмкіндігінше тезірек ветеринариялық тексеру керек. Ит, мысық немесе басқа жануар туралы иесінің ақпараты жазылғаны жөн. Егер жануар өлсе, қашып кетсе немесе ауырып қалса, алты инъекциядан тұратын (1, 3, 7, 14, 30 және 90 күндері) екпенің толық курсы енгізіледі. Егер жануар сау болса, қосымша екпе  қажет емес. Дегенмен, бұл жануар құтыруға қарсы егілген жағдайда ғана қолданылады. Құтыру ауруына шалдыққан жануарларға құтырмаға қарсы екпе салынбайды.Жыл сайын 28- қыркүйекте құтыруға қарсы вакцинаны жасаған француз микробиологы Луи Пастердің қайтыс болған күніне  орай Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні аталып өтеді.  Ол 1885 жылы 6 -шілдеде  құтырған ит тістеп алған, бірақ  ауру өршімеген 9 жасар Йозеф Мейстерге  алғаш рет вакцина салған.Құтырудың алдын алуға болады, бірақ  басталғаннан кейін оны емдеу мүмкін емес. Шабуылдан  кейінгі адамды аман алып қалудың жалғыз ғана мүмкіндігі  –шұғыл профилактика яғни екпе.  

Ұлттық госпиталдің журналисі Жазира Зәкірқызы

Подписаться