Ет пен сүт өндірісінде күтпеген өсім тіркелді

Ет пен сүт өндірісінде күтпеген өсім тіркелді

фото: https://pixabay.com/

Қазақстанда маусым айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мал шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында саладағы негізгі көрсеткіштер мен даму бағыттары жарияланды.

Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында мал шаруашылығының жалпы өнімі 1 трлн 158 млрд теңгеден асып, нақты көлем индексі 103,5%-ды құраған. Бұл сектордың тұрақты өсімін көрсетеді.

Жыл басынан бері барлық санаттағы ет өндірісі 338,2 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға артқан. Оның ішінде құс еті – 126,7 мың тонна, сиыр еті – 112,9 мың тонна, жылқы еті – 41,2 мың тонна, қой еті – 34,7 мың тонна, шошқа еті – 16,9 мың тонна өндірілген.

Сүт өндірісі де өсім көрсетіп, 986,8 мың тоннаға жетсе, жұмыртқа өндірісі 1,5 млрд данаға дейін ұлғайған.

Саладағы мал саны да артып отыр: ірі қара – 9,7 млн, ұсақ мал – 25,7 млн, жылқы – 5,1 млн, құс – 48,2 млн басқа жеткен.

Құс шаруашылығы өндірістің негізгі драйверлерінің бірі болып қалып отыр. Елде 37 құс фабрикасы жұмыс істеп, жылына 4,5 млрд жұмыртқа өндіру қуатына ие. Сонымен қатар ет бағытындағы 32 кәсіпорын жалпы 505 мың тонна өнім шығарады.

Соңғы жылдары импортты алмастыру және экспортты ұлғайту мақсатында жаңа құс фабрикалары іске қосылып, өндірістік қуат кезең-кезеңімен кеңейтілуде.

Мемлекеттік деректерге сәйкес, алдағы жылдары құс еті өндірісінің қуаты 220 мың тоннаға дейін артады деп жоспарланған.

Сүт өндірісінде де ауқымды жобалар жүзеге асуда. Қазіргі таңда 373 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді, олардың бір бөлігі цифрлық технологиялармен жабдықталған. Елде 2030 жылға дейін жылына 600 мың тоннаға дейін өнім беретін жаңа фермалар салу жоспарланған.

Ет бағытындағы мал шаруашылығы инфрақұрылымы да кеңеюде. Жалпы сыйымдылығы 575 мың басқа арналған 314 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Түркістан облысында Орталық Азиядағы ең ірі 50 мың басқа арналған бордақылау кешені іске қосылған.

Саланы қолдау мақсатында 2026 жылға 117,6 млрд теңге субсидия қарастырылып отыр. Сонымен қатар жеңілдетілген несие бағдарламалары мен жаңа қаржылық өнімдер енгізілуде.

2030 жылға қарай Қазақстанда ірі қара саны 12 млн басқа, ұсақ мал 28 млн басқа жетіп, ет экспорты 2,5 есеге дейін артады деп күтілуде.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Подписаться