Ақтөбеде газ құю бекетінде тұрған көлік өртенді. Салдарынан үш адам тірідей жанып кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, олардың екеуі – кәмелетке толмаған бала.
"19 маусымда сағат 22:55-те 112 пультіне Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түст", - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт хабарлама түскеннен кейін 8 минут өткен соң сағат 23:03-те толықтай сөндірілді. Өрт сөндірушілер жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеді.
Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.
Оқиғаны жою жұмыстарына Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарын қоса алғанда, ТЖД-ның 50 ге жуық қызметкері және 10-нан астам техника жұмылдырылды.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Аталған факті бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Дерек көзі: https://sputnik.kz