Зеренді ауданының прокуратурасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін анықтады. Мал басының есебін жүргізуде нақты деректердің жоқтығы белгілі болған. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы мәлім етті.
— Полицияның учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шаралар барысында жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табыны анықталды. Сондай-ақ эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу кезінде заң бұзушылықтар анықталды: ветеринариялық дәрігерлер вакцинация актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, оның ішінде жоқ жануарларды көрсеткен және бір мал басын бірнеше рет есепке алды, — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, жалпы саны 2,8 мың жалған вакцинация фактісі анықталып, мемлекеттік бюджетке 996,2 мың теңге көлемінде шығын өтелген.
— Аудандағы 14 мал қорымы ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейді — қоршаулары жоқ, жер учаскелері рәсімделмеген және балансқа қойылмаған. Сонымен қатар ветеринариялық станцияда 6 млн теңгеден астам сомаға негізсіз сыйақы мен үстемақы есептеу фактілері анықталды, қазіргі уақытта оның 4 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды, — деп хабарлады құзырлы органнан.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданған.
https://kaz.inform.kz/