Осы демалыс күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында Qazaqstan International Balloon Festival халықаралық әуе шарлары фестивалі өтіп жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы фестивальге Қазақстан, Германия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан қатысушылар жиналды. Шара аясында төрт адамнан 16 адамға дейін тасымалдай алатын 29 әуе шары таныстырылды. Олардың арасында үкі бейнесінде жасалған ерекше аэростат та бар.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуына қарағанда, мұндай ауқымды шараларға дайындық бір жыл бұрын басталады.
Фото: Kazinform
– Халықаралық әуе шарлары фестивалі Алматы облысында алғаш рет өтіп отырған жоқ. Оның алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналып, отандық қана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын арттыратына сенемін, - деді ол.
Фото: Kazinform
Оның сөзінше, 2023 жылы Қонаев қаласында өткен әуе шарлары фестивалі кезінде қонақүйлер, мейрамханалар, коттедждер, демалыс орындары мен хостелдер толықтай брондалған.
Фото: Kazinform
– Мұндай жобалар уақытша болса да, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Фестивальді ұйымдастырушылар, техникалық мамандар, әртістер және басқа да сала өкілдері жұмысқа тартылады. Сондықтан мұндай шаралар туризмді ғана емес, тұтас өңір экономикасын да дамытуға серпін береді, - деді ол.
Фото: Kazinform
Фестивальге шетелден келген қатысушылардың бірі – моңғолиялық ұшқыш Батыр (Ганбаатар) Даваацэрэн. Ол бұрын полицияда қызмет еткен, кейін әуе шарларына қызығып, аэростат басқаруды меңгерген. Қазір ол Моңғолиядағы алғашқы әрі әзірше жалғыз жылу аэростатының ұшқышы саналады. Оның 6 жыл ішінде аспанда ұшу тәжірибесі 290 сағатқа жуықтаған.
Фото: Kazinform
Ал Тараз тұрғыны Алмаз Адамбай әуе шарларына медицина саласынан келген. Мамандығы бойынша фельдшер болған ол аэростат басқаруды Қарағандыда оқып үйренген. Қазір оның бұл саладағы тәжірибесі үш жылға жетіп, халықаралық деңгейдегі фестивальдерге де қатысып үлгерген. Соның ішінде Өзбекстанда өткен халықаралық әуе шарлары фестивалі де бар.
Фото: Kazinform
Қазақстанның Әуе шарлары федерациясы вице-президенті Рақым Қазыбаев елімізде аэростат ұшқышы атану үшін қандай талаптар қойылатынын айтып берді. Оның өзі 7 жыл ішінде 150 сағаттан астам ұшу тәжірибесін жинақтаған.
Фото: Kazinform
Оның сөзінше, әуе шарын басқаруды үйренуге кез келген адамның мүмкіндігі бар. Алайда үміткердің денсаулығы жақсы болып, арнайы оқудан өтуге қабілетті болуға тиіс. Үміткерлер медициналық тексеруден, психологиялық сынақтан өтіп, арнайы дайындық жасайды. Ал коммерциялық рейстерге қатысу үшін кемінде 50 сағат өз бетінше ұшуы қажет.
Фото: Kazinform
– Барлық талаптың маңызы зор. Ұшқыштар жыл сайын дәрігерлік-сараптамалық комиссиядан өтеді. Оның құрамында психологтан бастап кардиологқа дейінгі түрлі маман бар. Талаптар екінші санаттағы ұшақ ұшқыштарына қойылатын стандарттарға өте жақын. Тек ұшуға рұқсат алғаннан кейін оқуды бастауға болады, - деді Қазыбаев.
Фото: Kazinform
Қазақстанда әуе шарларымен ұшу қызметі Алматы, Өскемен, Қарағанды және Астана қалаларында қолжетімді. Ақылы ұшулар жыл бойы өткізіледі. Жазда олар көбіне таңертең немесе кешкі уақытта өткізілсе, қыс кезінде қолайлы ауа райында күндіз де ұшуға болады. Ал екпіні күшті жел, жоғары ауа температурасы мен жауын-шашын әуе шарларының көтерілуіне кедергі болады.
Әуе шарларын техникалық тексерісі мен сертификаттау жұмыстары Қазақстанда жүргізіледі.
Фото: Kazinform
Фестиваль ұйымдастырушысы Наталья Расторопнова биылғы жаңа алаңның ұшқыштардың ұсынысымен таңдалғанын айтты. Әуе шарларынан бөлек, қонақтарға алып әуе батпырауықтарының шоуы, фудкорттар, кемпингтер және бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламасы ұсынылған. Балалар үшін шеберлік сабақтары, батуттар мен аниматорлар жұмыс істейтін арнайы аймақ қарастырылған.
Фото: Kazinform
Сондай-ақ келушілерге ерекше мүмкіндік берілді – әуе шарымен ұшу кезінде сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасауға болады.
Фестивальді ұйымдастыру мен өткізуге 700-ден астам адам тартылған. Олардың қатарында ұшқыштар, техникалық мамандар, еріктілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қауіпсіздік мамандары бар.
Фото: Kazinform
Шараға Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден туристер келген.
Айта кетейік, алғашқы әуе шарлары фестивалі 2017 жылы өтіп, оған 20 мыңнан астам адам қатысқан.
Екінші фестиваль 2023 жылы Қонаев қаласында ұйымдастырылып, екі күн ішінде 60 мыңнан астам қонақты қабылдаған.
Ал 2024 жылы Қазақстандағы су тасқынына байланысты фестиваль өткізілмеді.
Фото: Александр Павский/Kazinform
Материал Kazinform сайтынан алынды.