Трамвай рельстері LRT жобасына қайта пайдаланылуы мүмкін

Трамвай рельстері LRT жобасына қайта пайдаланылуы мүмкін

фото: https://pixabay.com/

Трамвай жұмысы тоқтағаннан бері Төле би көшесінде тұрған рельстер LRT құрылысына дайындық аясында алына бастады.

Алматы әкімдігі аталған жұмыс кезінде жиналған материалдардың барлығы «Алматыэлектркөлік» ЖШС-ына өткізілетінін мәлімдеді. Осыған орай, Kazinform агенттігі бұл компанияға хабарласып, көшеден алынған рельстер алдағы уақытта қайда қолданылатынын сұрады.

«Алматыэлектркөлік» ЖШС жауабына сәйкес, Төле би көшесінде трамвай жолдарын демонтаждау жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Ал Жетісу көшесіндегі бұл жұмыс толығымен аяқталған. Жалпы бөлшектеліп, алынатын рельстердің ұзындығы — 15 км.

— Жұмыс жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі жобасын іске асыруға дайындық аясында жүргізіліп жатыр. Демонтаж барысында жарамдылығы сақталған рельстердің бір бөлігі LRT құрылысы кезінде қайта пайдаланылады. Ал тозығы жеткен конструкциялар кәдеге жаратуға, яғни утилизацияға жіберіледі, — деп хабарлады компаниядан.

Еске салайық, Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол бойынша жылдам рельсті көлік желісі Б.Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, сосын Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жүреді. Одан әрі Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» — көлік-ауысып отыру торабының аумағында қарастырылған.

Сондай-ақ Алматы қаласы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев елордада іске қосылған LRT-дан алматылық жобаның басты айырмашылығын атады.

Дерек көзі: https://kaz.inform.kz

 

Подписаться