Салықтан жалтарғандарға шекара жабылады

Салықтан жалтарғандарға шекара жабылады

фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/-Oxford-

       Қазақстанда ірі көлемде салық берешегі бар азаматтардың шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Жаңа норма 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

       Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, егер кәсіпкерлердің, заңды тұлға басшыларының немесе жеке практикамен айналысатын азаматтардың салық қарызы 116 миллион теңгеден асып, үш ай бойы өтелмесе, олардың елден шығуына уақытша тыйым салынуы ықтимал.

       Бұл талап жаңа Салық кодексі аясында енгізіліп отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, өзгеріс бюджет кірісін арттыруға және көлеңкелі қарыз көлемін азайтуға бағытталған.

       Бұған дейін салық берешегі бар азаматтарға банк есепшоттарын бұғаттау, мүлкіне шектеу қою сияқты шаралар қолданылып келген. Енді бұл тізімге шетелге шығуға шектеу қою механизмі де қосылады.

       Сонымен қатар заңнамада әлеуметтік жағдайлар да ескерілген. Егер азаматқа емделу мақсатында шетелге шығу қажет болса, медициналық құжаттарын ұсыну арқылы уақытша шектеуді тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылған.

       Мамандардың айтуынша, шектеу салық қарызы толық өтелгеннен кейін немесе берешектің жоқтығы ресми түрде расталған жағдайда алынады.

Подписаться