Алматы қалалық терроризмге қарсы жедел штабы профилактикалық жұмыстар аясында телефон арқылы жасалатын жалған терроризм актілерінің алдын алуға бағытталған ақпараттық бейнематериалдар циклін іске қосты, - деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Жобаның алғашқы бейнеролигі "жалған қоңыраулар", яғни жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы әдейі жалған хабарламалар беру тақырыбына арналды, деп хабарлайды Polisia.kz. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп, қала өмірінің қалыпты ырғағын бұзады.
Бейнематериалда бұл әрекеттердің ешқандай да "әзіл" еместігі, керісінше, олардың ауыр құқықтық салдарға, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні кеңінен түсіндіріледі.
Сондай-ақ бір ғана жалған хабарламаның өзі адамдарды жаппай эвакуациялауға, шұғыл қызметтердің едәуір күштері мен құралдарын жұмылдыруға, әлеуметтік нысандар жұмысының бұзылуына себеп болатынына ерекше назар аударылған.
Жедел штаб өкілдерінің айтуынша, жобаның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және цифрлық әрі телефондық ортадағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Алматы қалалық терроризмге қарсы жедел штабы тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі Polisia.kz.