Көкшетауда адамды басып кеткен әйелдің көлік жүргізу куәлігі болмаған

Көкшетауда адамды басып кеткен әйелдің көлік жүргізу куәлігі болмаған

фото: әлеуметтік желідегі видеодан алынды

Көкшетауда 52 жастағы тұрғынның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі рөлде отырған әйелге, екіншісі оның күйеуі, яғни автокөліктің иесіне қатысты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны, тіпті тиісті оқудан өтпегені анықталды. Енді күйеуі жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті бергені үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

12 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелді үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Жол-көлік оқиғасының видеосы әлеуметтік желіде тарап, халық арасында резонанс тудырып отыр.  

Ал қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындары аулаға кіріп-шығатын бір ғана жол аздық ететінін айтып, қауіпсіздік үшін қосымша жол қарастыру керек деп жергілікті билікке өтініш жолдады.

Қайғылы оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған еді. Оқиға 9 мамыр күні болған. Бақылау камерасындағы кадрларда ақ түсті кроссовердің аулаға бұрылып кірген сәті, артынша жаяу адамды қағып кеткені көрінеді, деп жазды politico.kz.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көз жұмған әйел 12 жастағы баланы тәрбиелеп отырған.

Тұрғындар бұл аулада қауіпсіздік мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқанын айтады. Олардың сөзінше, ауладағы екі кіреберістің бірі жабылғаннан кейін барлық көлік бір жолмен қатынай бастаған. Соған байланысты тұрғындар бірнеше рет шара қабылдауды сұраған.

Ақпарат politico.kz, qazaqstan.tv сайтарынан алынды. 

Подписаться