Цифрлық ұстаз: Қазақстан педагогтері AI технологиясын игеріп жатыр

Цифрлық ұстаз: Қазақстан педагогтері AI технологиясын игеріп жатыр

фото: almaty.tv

       Қазақстанда педагогтердің цифрлық сауаты мен жасанды интеллект бағытындағы біліктілігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Биыл ел бойынша шамамен 60 мың мұғалім арнайы оқу бағдарламалары арқылы жаңа технологиялармен жұмыс істеуді меңгереді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

       Министрлік дерегінше, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс аясында мұғалімдердің жасанды интеллект саласындағы құзыретін дамытуға арналған бірнеше білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған курстар педагогтердің заманауи цифрлық құралдарды оқу процесінде тиімді пайдалануына бағытталған.

       Бағдарламалар қатарында «Білім берудегі жасанды интеллект модельдері» және «Жекелеген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану» атты арнайы курстар бар. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері мен шағын жинақты мектеп педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру сабақтары ұйымдастырылуда.

       Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, цифрлық сауат пен жасанды интеллект негіздері енді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының барлық оқу бағдарламасына енгізілген. Биыл орталық жүзеге асырып жатқан 38 білім беру бағдарламасының әрқайсысында осы бағыттағы тақырыптар қамтылған.

       Мамандардың айтуынша, мұндай оқыту курстары мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жаңғыртып қана қоймай, оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект технологиялары сабақ жоспарын әзірлеу, оқушының білім деңгейін саралау және жеке оқыту тәсілдерін жетілдіруде маңызды құралға айналып келеді.

       Соңғы жылдары елімізде білім беру саласын цифрландыру жұмыстары қарқын алып отыр. Осыған байланысты педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруі уақыт талабына айналды. Министрлік бастамасы мұғалімдердің инновациялық құралдарды еркін пайдалануына және білім сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

       Айта кетейік, өңірлерде де цифрлық білім беру жобалары белсенді қолға алынған. Мәселен, Маңғыстау облысында 300-ден астам әйел-педагог робототехника тренері ретінде даярланбақ. Бұл бастамалар ұстаздардың техникалық және цифрлық бағыттағы әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Подписаться