Бүгін – Аналар күні

Бүгін – Аналар күні

фото: pexels.com

Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды 20-дан астам мемлекетте тойланады. Қазақстанда да ана мәртебесін айқындайтын бұл күн ерекше мәнге ие. Бқл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Өйткені ана – тек отбасының ұйытқысы емес, рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіретін негізгі тұлға.

Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Қазіргі таңда оның республика бойынша 1713 бөлімшесі бар. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1481 ауылдық бөлімше қызмет етеді. Кеңес құрамында 16 051 әйел бар.

Бұл құрылым отбасы институтын нығайтуға, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келеді.

Қазіргі қоғамда ана болу барған сайын күрделі әрі көпқырлы рөлге айналды. Дерек бойынша әйелдердің 95%-ы күн сайын үй шаруасына 1 сағаттан 6 сағатқа дейін және одан да көп уақыт жұмсайды.

Бір баласы бар отбасыларда балаларға күтім жасау міндеттері 50,7% жағдайда ата-аналар арасында бірлесіп атқарылады. Алайда 37,1% жағдайда бұл толықтай әйелдің мойнында. Ер адамдардың дербес үлесі небәрі – 1,6%. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларда жүктеме әйелдерге 49,6%-ға дейін өседі.

Бұл - тек тұрмыстық мәселе емес. Әйелдердің 26,8%-ы баласы бар адамға жұмыс табу оңай емес екенін айтқан. 27,3%-ы бала мансаптық өсуге кедергі келтіреді деп санайды. 24,3%-ы кәсіби дамуда қиындық туындайтынын айтқан. Сонымен бірге әйелдердің 27%-ы бала күтімімен жұмысты қатар алып жүре алмағандықтан қызметінен кетуге мәжбүр болған. Ерлер арасында бұл көрсеткіш – 11%.

Аналар күні – тек құттықтау айтылатын күн емес. Бұл – ананың қоғамдағы рөлін бағалап, оның өмір сапасын жақсарту жолдарын ойластыратын маңызды дата. Өйткені мықты ана – мықты отбасы. Ал мықты отбасы қуатты мемлекеттің негізі болып қала бермек.
 

Подписаться