Биыл қазақстандық балаларға Ұлттық қордан 900 млн доллардан астам қаражат аударылды

Биыл қазақстандық балаларға Ұлттық қордан 900 млн доллардан астам қаражат аударылды

фото: Kazinform https://kaz.inform.kz

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі: мемлекеттік қолдау және ортақ құндылықтар» тақырыбында өткен жиында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлім етті.

– Қазақстанда балалар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Қазіргі таңда елімізде 6 млн 900 мыңнан астам бала тұрады, соңғы он жылдың ішінде бұл көрсеткіш шамамен 1,5 миллионға өскен. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа толмаған балалардың дербес шоттарына қордың 50% инвестициялық табысы үздіксіз түсіп жатыр,-деді ол.

Оның сөзінше, осындай демографиялық өсімді ескере отырып, мемлекет тарапынан балаларды қаржылай қолдау шаралары да айтарлықтай күшейтілген. Мәселен, бағдарлама басталған 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ долларынан берілсе, 2026 жылы бұл сома 130,71 АҚШ долларына дейін артқан.

– Осылайша, мемлекет биыл қазақстандық балалардың дербес шоттарына инвестициялық табыс ретінде жалпы сомасы 900 млн АҚШ долларынан астам ауқымды қаражатты аударды,-деді вице-министр.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, Ұлттық қор төлемдерімен қатар қазіргі таңда «Келешек» ерікті жинақтау жобасы да қатар іске асырылып жатыр. Дөңгелек үстелде нақтыланғандай, мемлекет ұсынып отырған бұл қос тетік елдегі миллиондаған балаға кәмелеттік жасқа толғанда сапалы білім алуды қамтамасыз етуге, лайықты мамандық меңгеруге немесе тұрғын үй мәселесін дербес шешуге тікелей мүмкіндік бермек.

https://kaz.inform.kz/



 

Подписаться