Балиде демалу қауіпсіз емес

Балиде демалу қауіпсіз емес

фото: pexels.com

Бали аралында соңғы уақытта болған зорлық-зомбылық оқиғаларына байланысты кейбір қонақүйлер қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Өткен айда небәрі үш күн ішінде шетелдік туристерге қатысты үш жыныстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Channel NewsAsia мәліметі бойынша, бірінші оқиға Қытайдан келген әйелмен болған. Ол түнгі клубтан таңғы шамамен 4:30-да мас күйде қайтып келе жатқан. Әйел қылмыскердің мотоцикліне отырған, бірақ оны қосымша арқылы шақырды ма, әлде жай такси болды ма – есінде жоқ. Қаскөй оны шөпті алқапқа апарып, зорлаған. Полиция 23 жастағы күдіктіні әйелдің телефонын қайтармақ болып, қонақүйге қайта келген кезде ұстаған.

Екінші оқиға 24 наурызда болған. Австралиялық әйел бұрын қалдырып кеткен заттарын алу үшін түнгі клубқа қайта барған кезде, клубтың күзет қызметкері оны дәретханада зорлаған. 29 жастағы күдікті 26 наурызда ұсталып, оған айып тағылды.

Үшінші жағдай Қытай азаматына қатысты Чангу ауданында (Солтүстік Кута) болған. Әйел түнгі мекемеден таңғы 4 шамасында оралып, бөлме кілтін таба алмаған. Ол қабылдау бөліміне (ресепшнге) жүгінген, кейін сол жерде қаскөй тарапынан жыныстық зорлыққа ұшыраған. 24 жастағы күдікті әртүрлі ақпарат көздерінде қонақүйдің ресепшн қызметкері немесе күзет қызметінің штаттан тыс қызметкері ретінде сипатталған.

Фото: pexels.com.

Соңғы екі айда Балида кемінде екі шетелдік турист те қаза тапқан.

Сондай-ақ, 23 наурызда Нидерланды азаматы мен оның индонезиялық сүйіктісіне екі белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасаған. Ол кейін ауруханада қайтыс болды. Қазіргі уақытта полиция шабуыл жасағандардың жеке басын анықтап жатыр.

Ал ақпан айында Украина азаматы Игорь Комаров шетелдік бір топ адам тарапынан ұрланып, өлтірілген. Ер адам 15 ақпанда жоғалып кеткен. Кейін оның көмек сұраған видеосы тарады. 27 ақпанда, ұрланған жерден шамамен 30 шақырым жерде оның мәйіті табылған. Билік алты күдіктінің кім екенін анықтағанымен, олар әлі бостандықта жүр.

Қазіргі таңда Бали билігі бұл оқиғалардың себептері мен жағдайларын анықтап, қауіпсіздік шараларын күшейтуге кіріскен.

Подписаться