Астанада өткен халықаралық кітап мерекесі биыл тың мазмұнмен толықты. IX ASTANA Eurasian Book Fair аясында қазақ өнерін әлемге танытқан Dimash Kudaibergen шығармашылығына арналған жаңа кітап-альбом көпшілікке жол тартты.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында өткен кеш – жай ғана таныстырылым емес, өнерге деген құрметтің көрінісіне айналды. «DIMASH ҚҰДАЙБЕРГЕН: ШЕКСІЗ МУЗЫКА» атты басылымда әншінің сахнадағы жолы, шығармашылық ізденісі мен әлемдік аудиторияны баураған феномені жан-жақты қамтылған.
Кешке әртістің командасы атынан баспасөз хатшысы, DimashNews бас редакторы Анель Нысанбаева қатысып, кітаптың идеясы мен мазмұнына тоқталды. Ал залда отырған тыңдармандар – Димаштың адал жанкүйерлері, яғни Dears – бұл еңбекті ерекше ықыласпен қабылдады.
Таныстырылымның көркем бөлімі жас өнерпаздардың орындауымен өрілді. Елордадағы Abai School-Gymnasium No.87 шәкірттері Димаш репертуарындағы халық әндерін жаңаша нақышта жеткізсе, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлихан Нұрлыбек авторлық туындыны шырқап, кешке айрықша реңк қосты.
Жаңа кітап-альбом Almatykitap Publishing House және DimashAli Production Center бірлескен жобасы ретінде жарық көрді. Бұл еңбек – тек өмірбаяндық деректер жиынтығы емес, өнердің шекарасыз кеңістігін сезіндіретін шығармашылық шежіре.
Осылайша, Димаштың әнімен басталған жол енді кітап бетінде жалғасып, оның өнері жаңа қырынан танылуға мүмкіндік алды.
Ақпарат дереккөзі:https://sn.kz/