Алматы төрінде ұлттық өнердің әсем әуені тағы бір мәрте қалықтамақ. 24 сәуір күні сағат 19:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында «Қазақстан композиторларының шығармаларынан концерт» атты тағылымды музыкалық кеш өтеді.
Бұл кеш — қазақ музыкасының көгінде жарқыраған тұлғаларға тағзым. Биыл ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығы, сахна саңлақтары Ермек Серкебаев пен Бәкір Тәжібаевтің 100 жылдығы, сондай-ақ сыршыл сазгерлер Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтпек.
Концерт бағдарламасы — қазақ музыкасының алтын қорынан іріктелген жауһар туындылар. Кеште ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен танымал өнерпаздар — Бибігүл Қилымхан, Сая Махамбетова, Айжан Нұрмағамбетова, Айдос Жабағин және Асқар Рысбек өнер көрсетеді.
Оркестрдің бас дирижері — «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абылай Тілепберген. Сондай-ақ дирижерлік тізгінді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын мен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Кажгали ұстайды.
Ұлттық нақыш пен заманауи орындаушылық үйлесім тапқан бұл кеш — тыңдарман жүрегіне жол табатын, рухани серпіліс сыйлайтын мәдени оқиға болары сөзсіз.
Ендеше, әсем әуенге сусындап, ұлттық өнердің інжу-маржанын бірге тамашалауға шақырамыз. Өтетін орны: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 83-үй.