Жыл басынан бері жарты миллионнан астам қазақстандық турист Өзбекстанға барды.
Өзбекстанның мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында Өзбекстанға туристік мақсатта 2019,4 мың шетелдік азамат келген. Туризм ағынының көшбасшылары үштігінде Өзбекстанмен көршілес елдер тұр.
Бірінші орында Тәжікстан – 623,8 мың турист. Қазақстан 558,8 мың туристпен екінші орында. Қырғызстан 487,7 мың адаммен көшбасшылар үштігін тұйықтаған.
Ресей Федерациясынан келген қонақтар ағыны – 207,7 мың адам. Алыс шетелден 141,4 мың турист келген, оның ішінде Түркиядан – 29,7 мың, Оңтүстік Кореядан – 9,2 мың, Үндістаннан – 8,3 мың, Қытайдан – 6,3 мың турист.
Өткен жылы 1,5 миллионнан астам қазақстандық көрші республикаға барып, Өзбекстанның барлық туристік ағынының үштен бірін алған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото gazeta.uz.