Жүздеген кен орны мемлекет меншігіне қайтарылды

Жүздеген кен орны мемлекет меншігіне қайтарылды
фото: sputnik.kz

Алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және тағы басқа кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, деп хабарлады энергетика министрлігі.

Үкімет шарт талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарап жатыр.

"Уәкілетті органдар 118 келісімшартты бұзып, қатты пайдалы қазбалар бойынша 245 лицензияны қайтарды, көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшарт бұзылды", - дейді ведомство.

Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және тағы басқа кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады.

Министрліктің айтуынша, бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді.

"Қазірдің өзінде 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 1,5 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 млрд теңгеден асады", - дейді ведомство.

Ал жер қойнауын пайдалану талабын бұзғандарға айыппұл салынды.

"Мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 млн теңге айыппұл өндірілді, сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,94 млрд теңге берешек өтелді", - дейді энергетика министрлігі.

Қазақпарат