Жүргізуші куәлігіне емтиханды сәтті тапсыратындар екі есе азайған – жаңа жүйе енгізілді

Жүргізуші куәлігіне емтиханды сәтті тапсыратындар екі есе азайған – жаңа жүйе енгізілді
фото: sputnik.kz

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлік жүргізушілеріне арналған 70-ке жуық теориялық емтихан нәтижесі күшін жойды, деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы.

Теориялық емтихан тапсыру үшін "жол жүру ережелері 3.0" жаңа жүйесі енгелі бері тексеріс күшейді. Шымкент, Түркістан, Алматы облысы мен Ақтөбеде емтихан ережелерін бұзған азаматтардың нәтижесі жойылды.

Жаңа жүйе азаматтардың емтиханда қашықтықтан қосылуға мүмкіндік беретін микроқұлаққаптарды, HDMI сплиттерді қолданғанын анықтады. Көлік жүргізу куәлігін алғысы келгендер емтиханда қолдануға тыйым салынған өзге де заттарды киімнің жеңіне тығып кірген. Сондай-ақ электронды құрылғылар орнатылған киіммен кіруге тырысқан.

"Шымкент қаласының тұрғыны үшінші адамның көмегімен емтихан тапсырған. Ол жақын орналасқан терезені қағу арқылы дұрыс жауапты белгілеп отырған. Жаңа жүйе емтихан тапсырушының терезеге жиі қарай беретінін анықтап, аудиожазба терезе тұстан келетін дыбыстарды тіркеген. Нәтижесінде емтихан тапсырушының жауаптары жойылды", - дейді ведомство.

Жаңа жүйе Қазақстан аумағында 16 қазанда 83 емтихан сыныбына енгізілген.

"Бұл жүйе енгізілгелі бері сәтті тапсырылған емтихандар нәтижесі екі есеге азайды. Бұл жүргізуші куәлігін мықты мамандар ғана алып жатқандығының дәлелі", - дейді Мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.

Ал емтихан нәтижесі жойылған азаматтар енді үш айдан кейін ғана қайта тапсыра алады.

Жалпы жыл басынан бері миллион адам жүргізуші куәлігін алған.

ҚазАқпарат