Жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдер арасындағы туберкулез

Жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдер арасындағы туберкулез

   Жүктілік және босану - эндокриндік пен иммундық жүйенің өзгерістеріне ғана алып келмей, туберкулез ауруының пайда болуына ықпалын тигізеді және тәуекел факторлары болып табылады.

   Жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдер арасында туберкулез ауруымен сырқаттанушылық жалпы әйелдер арасындағы туберкулезбен сырқаттанушылыққа қарағанда 1,5-2 есе жоғары келеді. Сондықтан, туберкулезді уақтылы анықтау мақсатында босанғаннан кейінгі кезеңдегі барлық әйелдерге кеуде қуысының флюорографиялық тексеруін міндетті түрде жүргізеді.

   Туберкулез ауруы босанғаннан кейінгі немесе жүктілік кезінде пайда болуы мүмкін, бірақ әдетте, алғашқы 6 айдың ішінде туындауы жиі кездеседі. Жүктілік және босанғаннан кейінгі кезең ішінде туындаған туберкулез, ауыр түрде өтеді.  Туберкулезді интоксикация ұрықтың дамуына теріс әсерін тигізуі және түсіктің пайда болуына акеп соқтыруы мүмкін. Ал егерде, жүктілік туберкулез фонында орын алса, онда аурудың асқынуы жүктіліктің алғашқы айларында орын алуы мүмкін. Бұл әйелдерде байқалатыны - жалпы шаршағыштық, әлсіздік, жөтел, салмақ жоғалту, субфебрильді дене қызбасы. Туберкулез ауруының қайта асқынуы жүктіліктің 5-7 және 9 айында  пайда болуы мүмкін. Мұндай кезеңдерде ыдырау фазасы кезіндегі инфильтративті туберкулез, диссеминирленген туберкулез, экссудативті плеврит сияқты түрлерінің жүруі үстем болады.

   Босану – ең қауіпті кезең болып табылады, өйткені жүкті әйелдердің көпшілігінде туберкулездің асқынуы және кейбір жағдайларда босанудан кейінгі туберкулезді менингиттің дамуы ықтимал. Бұл кезде дене қызуы жоғарылап, жөтел, тәбеттің төмендеуі, әлсіздіктің пайда болуы және осы кезде туберкулез қоздырғышының қақырықта табылуы әбден мүмкін.

   Жүкті әйелдерде туберкулездің диагностикасы болып:

- микобактерияларды қақырықта анықтау негізгі әдіс болып табылады;

- жүкті әйелдерге қолдануға болмайтын тексерулерге - рентген, флюрография, томография жатады.

   Жүктілік кезінде анықталған туберкулез салдарынан жүктілікті жалғастыру немесе жүктілікті тоқтату мәселесін дәрігер шешеді. Бірақ, туберкулезге қарсы препараттармен емдеу, жүктілікті тоқтатуға қарсы көрсеткіш емес.  

   Жүкті әйелдер туберкулезбен ауырған кездерінде ауру нәрестенің ағзасына кандай да бір әсерін тигізбейді.  Тек ауыр прогрессивті процестерде ғана салмағы төмен және денсаулығы нашар балалардың тууына алып келеді.

   Перзентханада нәрестенің анасының болуымен және жазбаша келісімімен вакцинацияланбаудың салдары және мүмкін болатын реакциялар мен иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер туралы түсіндіргеннен соң, туғаннан кейінгі алғашқы төрт күн ішінде егу кабинетінде жаңа туған нәрестелерге вакцинация анықталған тәртіппен жүргізіледі.           

   Ал, егерде, сәбидің анасы туберкулездің белсенді түріне шалдыққан болса, нәрестені үш ай бойы химиялық профилактика жүргізу үшін оқшаулайды, содан кейін Манту сынамасы теріс нәтижелі болса, БЦЖ вакцинасы егіліп, иммунитет түзілгенге дейін тағы 2 ай бойы сәби анасынан оқшауланады.

   Туберкулездің алдын алу үшін ең жақсы және сенімді тәсілі - жан-жақты, ең бастысы үздіксіз емдеу болып табылады. Туберкулезге қарсы препараттар туберкулез микобактериясын қоршаған ортаға бөлуін, сау адамдарға жұқтыру жолдарының процесін үзеді.  

   Аурудың дамуын болдырмау үшін келесі ережелерді сақтау қажет:

1. туберкулезге қарсы егілуден бас тартпау, Манту сынамасын жасау. Ересектерге  жылына бір рет  флюорографиялық тексеруден өту. 

2. Дұрыс тамақтану. Міндетті түрде ақуыздың қолданған ас мәзірінде болуын қадағалау. 

3. Белсенді өмір сүру, спортпен шұғылдану, шынығу.

4. Еңбек және тынығу режимін сақтау, жаман әдеттерден арылу немесе барынша азайту.

5. Жеке бастың гигиенасын сақтау.

6. Бөлмеде  үнемі ылғалды тазалау, желдету.

7. Егер туберкулез ауруына шалдыққан науқаспен қатынаста, міндетті түрде  қорғаныс шараларын пайдалану, бетперде кию.

                                                                                         Қарлығаш  Серікқызы Джурунова

                                                                                         Жетісу аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық

                                                                                         бақылау басқармасының бас маманы