Қазақстандағы автобустардың жартысынан астамының тозығы жеткен.
"Қазақстанның автокөлік конвенциясы" қауымдастығының президенті Марат Берқалиев Qazaqstanda Jasalğan экономикалық ұлттық қозғалысын құруға арналған брифингте қала ішінде қатынайтын автобустарды көбейту мен жаңалауға мемлекеттік cубсидияның жеткіліксіз екенін айтты.
"Автобустар тапшы. Тозығы жеткендерін жаңалау керек. Қазірге дейін 40 пайыздан астамын ғана жаңғырттық. Қала арасында қатынайтын көлік те қажет. Елімізде автобус өндірілмейді, тек шетелден сатып аламыз. Бағасы қымбаттап кетті. Былтыр жыл басында қала ішінде жүретін 8,5 метрлік автобустарды 28-30 млн теңгеге сатып алсақ, қазір бағасы 40 млн теңгеден асып тұр. Ал 12 метрлік автобустардың бағасы былтыр 40 млн теңге болса, қазір 60-65 млн теңгеге жетті. Газбен жүретін автобустар одан да қымбат. Электр автобустардың бағасы мүлде шарықтап тұр", – деді ол.
Марат Берқалиев қоғамдық көліктерді жергілікті атқарушы органдар субсидиялағанымен, ол шығынды жаппайды дейді.
"Субсидия, әрине, жетпейді. Қоғамдық көлік – әлеуметтік маңызы бар сала. Заңмен қорғалатын мүддемізді жергілікті билік бұзып отыр. Субсидияны бермеген соң құлдырап кеттік. 2015 жылғы девальвациядан бері табысымыз артқан жоқ, сол күйінде қалды. Неге десеңіз, тарифтер сол баяғы. Автобустарды доллармен сатып аламыз. Доллар өсті, онымен бірге қоғамдық көлікпен жүретін халықтың саны өскен жоқ. Табысымыздан шығынымыз көп", – деді қауымдастық президенті.
Ол бұл мәселені шешу үшін тарифті қайта қарауды ұсынады. Дегенмен, жолақыны қымбаттатып, халықтың қалтасына салмақ салуға мүлде қарсы.
"Бюджеттің мәселесін қарапайым халықтың мойнына ілуге болмайды. Тарифті еркін айналымға жіберіп, шығынды жабатын баға бекітсек, одан біз ұтпаймыз. Мысалы, тарифке 400-500 теңге жұмсалады делік. Олай болса, халық автобуста мұндай ақша төлеп жүрмейді. Таксиге мінеді, болмаса жаяу жүреді. Қалтасында ақшасы болса, оған бір бөлке нан алады, үнемдейді. Тасымалдайтын жолаушы азайса, табысымыз жетпейді. Бұл – шешім емес. Бүкіл әлемде қоғамдық көлік субсидияланады. Сондықтан оны мемлекет шешуі керек", – деді Марат Берқалиев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через