Жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болуда

Жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болуда

      Смартфондары ұзақ пайдалану салдарынан балалардың есту және есте сақтау қабілеттері төмендеп барады. Өз бетінше ойлау, ұзақ мәтіндерді қабылдау, қоршаған ортаға назар аудару қиындады. Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында сенатор Нұртөре Жүсіп электрондық құралдардың өскелең ұрпаққа тигізіп жатқан кері әсері туралы айтты. Оның сөзінше, балалалар арасында көз қылилығы, нашар көру секілді аурулар көбейіп келе жатыр. Салдарынан тілі кеш шығып жатқандар да бар.

     Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Оқушылардың 40 пайызында жеке аккаунттары бар. Депутат логопед, офтальмолог мамандықтарына бөлінетін грант санын көбейтуді және мектептерде оқушыларға қазақтың жыр-дастандарын, термелерді жаттатуды енгізуді ұсынды. Сонымен қатар киберманияның зияны туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет дейді. 

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Былтыр Жапония интернет пен бейне ойындарды күніне 1 сағатқа шектеу туралы шешім шығарды. Франция мемлекеті де бұл қауіптің алдын алу әркетеін жасап жатыр. Қазір бала жыласа ата-анасы қолына телефонды ұстата салады. Мидың тектоникасы тап сол сәттен бастап бұзылады. Сөйлеу, логикалық ойлау дағдысына бұл үлкен соққы. Бір минутта 70 сөз оқу қиынға түсетін болды. Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын жаңа толқын пайда болды.

        Qazaqstan Дарын Сағитов