Жерасты жарылыстан пайда болған: Семейдегі Атом көлі жайлы не білеміз

Жерасты жарылыстан пайда болған: Семейдегі Атом көлі жайлы не білеміз

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Семейден 100 шақырымдай қашықтықта жерасты ядролық жарылыстан жасанды көл пайда болды. Диаметрі 400 метр, тереңдігі 100 метрге жететін қазаншұңқырға Шаған өзенінің суы құйылған. Әлі күнге дейін сақталған бұл көл ел арасында Атом көлі аталып кетті. Қазір тіпті сонда барып суға түсіп, балық аулайтындар да кездеседі. Алайда радиоактивті ластанған аумақ адам денсаулығы үшін қауіпті.

Арнайы бағдарлама қабылданған

Атом көлінің тарихы мен қазіргі жағдайын білу үшін ҚР Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының аға ғылыми қызметкері Сергей Субботинді әңгімеге тартып көрдік.

«Кеңес үкіметінде 1950-жылдардың аяғынан бастап жер асты ядролық жарылыстарын халық шаруашылығында пайдалану бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 12 өндірістік, 130-дан астам ғылыми-тәжірибелік бағыттағы институт жұмыс істеді. 1965-1988 жылдар аралығындағы КСРО аумағында 124 бейбіт ядролық жарылыс, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы 7 облыста 39 жарылыс жасалды. Барлық ядролық жарылыстар жер астында жүргізілген», - дейді ол.

Осынау жарылыстардағы негізгі бағыттардың бірі – терең шұңқырлар жасау еді. Бұл шұңқырларды қар суын төрт-түлікті суару мақсатында сақтау үшін пайдалану жоспарланған-тұғын. Атом көлінің құрылуы «Шаған» деген кодтық атаумен аталған бағдарламаның алғашқы тәжірибесі болған.

Шағаннан шұңқырға арна қазылды

Жарылыс үшін Семей полигоны аумағындағы Шаған мен Ащысу өзендерінің құйылысы таңдап алынды. Осылайша, 1965 жылы 15 қаңтарда жерасты 178 метр тереңдікте қуаттылығы 140 килотонна болатын жарылыс жасалған. Жарылыстан кейін диаметрі 400 метрден асатын, тереңдігі 100 метрдей шұңқыр пайда болды. Жарылыстың қатты болғаны сонша 10,3 миллион тонна топырақ пен тас 950 метрге дейін ұшқан.

«Қазаншұңқыр төңірегіндегі тау жыныстарының құлауы мен ұсақталуы нәтижесінде биіктігі 35 метр, диаметрі 1000 метрге дейін жететін үйінді пайда болған. Сол жылдың көктемінде Шаған өзенінің алқабынан шұңқырға дейін арна қазылды. Кейіннен өзеннің құйылуын бөгеп тұрған үйіндіде су өткізгіштері бар бөгет салынды. Бұл судың көлемін реттеуге мүмкіндік берген», - дейді Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының аға ғылыми қызметкері.

Жасанды көлдің маңайында бетеге, селеу және жусан өседі. 60-жылдардың соңында қалдық радиацияның тірі организмдерге әсерін зерттеу үшін Атом көлінде тәжірибелер жүргізілген. Бірнеше жыл ішінде су өсімдіктерінің 150-ге жуық түрі, балықтың 36 түрі, моллюскалардың 27 түрі, қосмекенділердің 32 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 11 түрі, сүтқоректілердің 8 түрі және омыртқасыздардың 42 түрі жіберілді.

Сергей Субботиннің айтуынша, жергілікті фаунаға тән келмегендіктен біраз уақыттан кейін бұл организмдердің 90%-ы өлген. Қазіргі уақытта көлде балықтың бірнеше түрі кездеседі. Атап айтқанда, сазан, тұқы, қарабалық және торта. 1975 жылдан бері су қоймасындағы балықты жеудің ешқандай қаупі жоқ.

Көлге баратындар көбейген

«Соңғы жылдары Атом көліне келіп суға түсіп, балық аулайтындар көбейіп кетті. Оларға айтарым, табиғат аясында уақыт өткізгілеріңіз келсе, басқа жерді таңдағандарыңыз жөн. Бірақ бәрібір барамын деп шешсеңіз, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мынадай қарапайым кеңестерге құлақ түріңіз:

1) Біріншіден, ядролық жарылыс болған жерде көп уақыт тұруға және жүруге болмайды. Өйткені ондағы топырақ радиоактивті қауіпті. Топырақтың адам киімі мен аяқ киіміне жұғуы арқылы радиоактивті ластану қауіпті аймақтан тыс жайылып, адамның және оның айналасындағы тұрмыстық заттардың радиоактивті ластануын тудыруы мүмкін.

2) Екінші қауіп ауа райынан болуы мүмкін. Құрғақ климатта күндізгі уақытта, әсіресе жазда күн райы жиі күрт өзгеріп тұрады. Қатты жел соққанда радиоактивті шаң атмосфералық ауаға еніп, ол сіздің киіміңізде және теріңізде қалады. Көлге қысқа уақытқа барсаңыз сыртқы радиация көп зиян келтірмейді. Дегенмен, ауаны ауызбен жұтасыз ғой. Бұл радиоактивті шаң ішкі ағзаңызға енеді деген сөз. Жарылыс жасалған жақтан жел соққан жағдайда тыныс алу мүшелерін қорғау үшін «Лепесток-200» респираторын қолдануды ұсынамыз.

3) Атом көліндегі су радиациялық қауіп төндірмейтініне қарамастан, мұндай көлде шомылуға және мал суаруға кеңес бермейтін едік. Көл пайда болған уақыттан бастап су түбінен және шұңқыр қабырғаларынан тұнған радионуклидті бөлшектердің жиналуына байланысты, көл түбіндегі шөгінділер радиацияның көзіне айналды. Суға түскен адам немесе жануар осы шөгінділердің бөлшектерін жер бетіне шығарады, олар адамның немесе жануардың шашы мен денесіне жабысып қалуы мүмкін. Ал мұндай бөлшектерді жануар сумен бірге жұтуы да ықтимал.

4) Атом көліне барып келген соң қол-аяғыңызға және киіміңізге радиометриялық өлшемдер жүргізген жөн. Содан кейін мұқият жуынып, киіміңізді ауыстырыңыз», - деп түсіндірді ғылыми қызметкер.

Дереккөз ҚазАқпарат.