"Жер сілкінісі кезіндегі ең қауіпсіз орын – тоңазытқыштың маңы": Төтенше жағдайлар министрлігі желідегі ақпаратқа қатысты пікір білдірді
Әлеуметтік желіде жер сілкінісі кезінде тоңазытқыштың адамдарды құтқара алатыны туралы ақпарат тарады. Жазба авторының сөзінше, тұрмыстық техника зілзала кезіндегі қауіпсіз орынға айналады.
Желіде тараған жазба авторы тоңазытқыштың бірнеше тонна бетон плита құласа да, майыспайтынын айтады.
"Түркиядағы төтенше жағдайлар қызметкерлері жер сілкінісі кезіндегі ең қауіпсіз орынның тоңазытқыш маңы екенін айтады", – делінген жазбада.
Автордың пайымдауынша, тоңазытқыш 10-15 қабат болатын плиталар түссе де майыспаған.
"Нақты деп айта алмаймын, әрине. Қанша пәтерді араласақ та төбесі тоңазытқыштың үстінде жатыр. Түсіндің бе? Тоңазытқыш майыспайды. Сосын тоңазытқышта азық-түлік пен су, қажеттінің бәрі бар. Дәл осындай 500 сурет түсіре аламын. Қайда барсаң да, осы көрініс. Оның үстінде 10-15 қабат плита жатса да, көтеріп тұр, сенесің бе", – дейді аудиожазбадағы ер адам.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандық құтқарушылардың бұл ақпаратты растай алмайтынын жеткізді.
"Сол жақта жұмыс істеп жатқан біздің жігіттерден сұрастырып көрдік. Олар мұндайды бірде-бір рет көрмеген. Бәлкім, басқа аудандарда түсірілген шығар. Сондықтан бұл ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз. Суреттерді қарайтын болсақ, тоңазытқыштың плитаны көтеріп тұрмағанын көруге боады. Бетон плиталар салмағы азырақ болатын жоғары қабатта тоңазытқыш майыспауы мүмкін. Сонымен қатар тоңазытқыштың неден жасалғанына қарайтын болсақ, іші пластмасса, сырты жұқа металмен қапталады. Ауыр плитаны көтеруі екіталай", – деді ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через