Алматыда Жеңіс күніне орай, 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында ардагерлер және қала белсенділерінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі және әскери қызметшілердің салтанатты шеруі өтеді. Қазақстан эстрада жұлдыздарының, Алматы қаласы әкімі эстрадалық-симфониялық оркестрінің мерекелік концерті ұйымдастырылады.
Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Құрманғалиевтің айтуынша, тақырыптық безендіру аясында кіші архитектуралық формалар, ардагерлерге арналған шатырлар, далалық ас үй, батырлардың перформанстары және т.б. қамтамасыз етіледі.
«Біз қала әкімдігімен бірлесіп 41 тармақтан тұратын қалалық іс-шаралар жоспарын әзірледік. Соғыс ардагерлерін және олардың отбасы мүшелерін қала басшылығының жеке барып құттықтауы ұйымдастырылады. Биыл «Жеңіс» лентасының 50 мың данасы дайындалады. Оларды белсенді тарату үшін еріктілер тартылады. Аудан әкімдерімен бірлесіп қала аумағындағы мемориалдық тақталарға, монументтерге, соғыс батырларының ескерткіштеріне, атап айтқанда Б. Момышұлы монументі, Т. Бигелдинов, С. Нұрмағамбетов, Р. Қошқарбаев мемориалдық тақталары, Ә. Молдағұлова мен М. Мәметова ескерткіштері, С. Луганскийдің бюсті, «Мәңгілік Отан ұлдарына естелік», «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл себеттері қойылады», - деді Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Құрманғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
9 мамыр күні:
сағат 10:00-ден 14:30-ға дейін Вознесенский соборының алдындағы алаңда (28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы) концерттік бағдарлама өтеді;
сағат 11:00-ден 16:30-ға дейін Арбатта (Жібек жолы мен Панфилов көшелерінің қиылысы) және Ш. Уәлиханов атындағы скверде қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер қойылады.
Сол күні басқа аудандарда да түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді (Алатау ауданында 7 мамырда).
Бұдан басқа, заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақтың көрмесі ұйымдастырылады. Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бір уақытта бірнеше жерде мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтеді.
Ал, «Ер есімі – ел есінде» акциясы биыл онлайн өтеді.
Дереккөз ҚазАқпаратү Фото kazpravda.kz, fishki.net
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через