Зейнетақы жүйесі: тағы да реформа басталады

Зейнетақы жүйесі: тағы да реформа басталады

Зейнетақы жүйесі: тағы да реформа басталады

Қазақстанда зейнетақы жүйесі қайта реформаланатын болды. Бұл жолы жаңғырту 2030 жылға дейін ұзамақ. Оның тосын жаңалықтары да бар. Мысалы, жұмыстан айырылғысы келмейтін азаматтарға зейнеткерлікке шығудан бас тартуына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ең төменгі зейнетақыны көтеру жоспарланып отыр. Әйтпесе, елімізде ең төменгіден де аз алатындар бар.

Зейнетақы озық елдердегіден 12 есе аз

Елімізде зейнеткерлер қатары тұрақты түрде өсіп келді. Мысалы, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осы санаттағы 2 млн 140,1 мың адам өмір сүрсе, 2020 жылғы 1 ақпанда 2 млн 222,5 мың адам болды. 2021 жылғы 1 қаңтарда зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адам болған.

Дегенмен биыл бұл санаттағы азаматтар қатары  кеміді. Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 235 мың адамға дейін азайып кетіпті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұның себебін түсіндірмеді. Әлеуметтанушылар әзірге бұл тұрғыда кең ауқымды зерттеу жүргізбеген.

Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,7 триллион теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Тарата айтсақ, қаңтар-тамыз айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 547 млрд теңге аударылған. Қалған 1 трлн 236,7 млрд теңгесі – ынтымақты зейнетақы төлемдері.

Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 99 857 теңге. Бұл 230 доллардай ғана. Дамыған елдермен салыстырсақ, Данияда – 2900 доллар, Жапонияда – 1 700 доллар, Израиль – 1626 доллар, АҚШ-та – 1503 доллар, Канада – 1500 доллар, Франция – 1 300 еуро, Германия­да – 782 еуро.

Көршілерге келсек, Қытайда – шамамен 370 доллар, Ресейде сақтандыру зейнетақысы – 17 536 рубль (243 доллар), Қырғыз Республикасында орташа зейнетақы – 6 061 сом (84 доллар), Өзбекстанда ең төменгі зейнетақы – 565 мың сум (53 доллар).

Бұл ретте еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері биылғы 1 қаңтарда 7%-ға артты. Осылайша, базалық зейнетақыны қоса алғанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 61 796 теңге болды. Жалпы, «ең төменгі зейнетақы» дегені – одан төмен алатын зейнеткер жоқ дегенді білдіруі тиіс еді.

Кейбір дерек бойынша республикада 800 мыңдай адам ең төменгі зейнетақыны қанағат тұтуға мәжбүр.

Зейнетке шығудан бас тартуға болады

Еңбекмині «Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» жаңа түзетулер әзірлеп отыр. Жүйені жетілдіруге қатысты осы ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы түзді.

Құжаттың бірқатар жаңалығы бар. Тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстан 7 жылдан кейін, 2028 жылы қазіргі базалық зейнетақы төлемінен бас тартып, «ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға» көшпек.

Еңбекминінің Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, бүгінде ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі пысықталып жатыр. Оның аясында ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) қазіргі 54%-ынан (18 500 теңге) 70%-ына (24 мың теңгеге) дейін ұлғайту ұсынылады.

Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысудың ең аз шегі қазіргі 10 жылдық жұмыс өтілінен алда 5 жылға дейін азайтылмақ.

«Жұмыс өтілі 5 жылдан кем немесе мүлдем жоқ зейнеткерлерге күнкөріс шегінің 70 пайызы көлемінде ғана минималды зейнетақы төленеді. Жұмыс өтілінің 5 жылдан асатын әрбір жылы үшін зейнетақы көлемі 2%-ға өсіп отырады», – деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ зейнетақының ең жоғарғы көлеміне қойылған шектеуді алып тастау жоспарланып отыр.

«Тұжырымдамада зейнет жасқа жеткен адамдарға зейнеткерлікке шығуды «кейінге қалдыру» құқығын беру көзделеді. Бұл оларға болашақта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны жоғарғы көлемде алуына мүмкіндік береді. Өйткені зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек кезеңдері оның мөлшерін анықтау кезінде ескерілетін болады», – деді Виктория Шегай.

Жалпы, «кейінге қалдыру» мәселен, педагогтерге тиімді болуы мүмкін. Бүгінде мұғалімдер жақсы алады: министр А.Аймағамбетов ауылдық биология пәнінің мұғалімі 430 мың теңге жалақы алатынын мысал еткен. Тиісінше, зейнеткер атанса, біраз табысынан айырылады.

 

 

Тұжырымдамаға ұсынылып отырған өзгерістер қабылданған соң, білікті ұстаздарға іш пыстырар зейнеткерлікті кейінге ысырып, белсенді тірлікке құрылған мектепті таңдауына жол ашылады.

 Үкімет азаматтардың зейнетақысын ары қарай көбейтудің өзге жолдарын іздеп жатыр. Осы орайда жүйені жаңғыртудың маңызды бір бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу болмақ. Яғни, әрбір жұмыс беруші жалақының емес, кәсіпорын-компанияның есебінен әрбір жұмыскерінің зейнетақы жинағына оның табысының 5%-ы көлемінде жарна аударатын болады.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) Үкімет 2020 жылдан бастап енгізуді қарастырған еді. Алайда бұған кәсіпкерлер, «Атамекен» ұлттық палатасы қарсы шықты. Олардың байламынша, бұл алым-салық еңсесін езген жұмыс берушіге аса күрделі кезеңде қосымша ауыртпалық түсіреді. ЖМЗЖ 2023 жылға шегерілген.

Ол жұмыс берушілерге басы артық жүк болмауы үшін 5 пайыздық жарнаны салықтан шегеруге рұқсат етілді.

 

Айхан ШӘРІП

Мәтіндегі ақпарат туралы