Зейнетақы қорындағы қаржы пәтер бағасына әсер ете ме?

Зейнетақы қорындағы қаржы пәтер бағасына әсер ете ме?
       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
       Ел тұрғындары бұл қолдауға алғысын білдірді. Енді Бірыңғай зейнетақы жинақ қорындағы артық қаржысын шешіп, баспана алуға немесе басқа рұқсат етілген қажеттілікке жұмсау керек. Алайда нарық та бұл шешімнен өз үлесін алып қалуға тырысады. Тұрғындар артық қаржысын ең бірінші пәтер алуға жұмсайтындығын білген құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлер тез арада тұрғын үй бағасын көтеріп жіберді. Сұраныс бар жерде, баға да өсетіні белгілі. Осы жағдайға байланысты алдағы уақытта пәтер бағасының түсетін не түспейтінін мамандардан білмек болдық.
       Жадыра Қаппасова, риелтор:
       Үйдің бағасы қымбаттай береді
       Енді үйдің бағасы түспейді, тек қымбаттай береді. Өткен жылдардағы бағаны салыстырсақ, үй бағасы тек өсіп келеді. Кешеге дейін Алматыда 9 миллион теңгеге бір бөлмелі үй алу мүмкін болса, қазір ол пәтер 13-15 миллионнан басталып тұр.
       Ең алдымен, үйдің бағасына әсер етіп отырған доллардың өсімі. Доллар өскен сайын үй де қымбаттайды. Ал зейнетақы жинағындағы ақша – екінші мәселе. Басында жинақтағы ақшаны «жаңа жылға дейін» деді, артынан көктемге шегерілді. Оның өзі белгісіз дүние, оған дейін де талай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бірақ не десек те, үйдің қымбаттауына қатты әсер етпейді. Себебі жинақтағылардың басым көпшілігінде бірден пәтер сатып алуға ақшасы жетпейді. Сондықтан олардың көбісі бұған дейін алған үйлерінің ипотекасын жабуға тырысады, ағайын-туысына салады. Не болмаса медицинаға жұмсайды.
        «Үй бағасы түсті» дегеннің өзінде айырмашылық көп болмайды, 1-2 миллионның арасы ғана. Осындайда ең ұтымды жол – ақшаны салына бастаған үйге құю. Әрине, жаңа пәтерден арзанға түседі. Бірақ оған пәтердің 50-80 пайызын бірден төлеу керек. Ал ондайды кез келген қазақтың қалтасы көтермейді. Сондықтан халық айналып келіп, қайтадан пәтерді ипотекамен алады.
       Виктор Микрюков,
       Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті:
       Елде ипотекалық бағдарламалар көбейе түседі
       2022 жылдан бастап жеке құрылыс компаниялардан тұрғын үй құрылысының мөлшері көбейе түседі. Пәтерге деген сұраныс та азаймайды. Шыны керек, қазір пәтердің қымбаттауына зейнетақы жинағындағы ақша емес, құрылыс материалдарының өсуі әсер етуде. Өйткені пәтерге деген сұраныс бар, соған қарай құрылыс та жүреді. Ал құрылыс материалдарын қымбатқа алынғандықтан, үйдің бағасына да әсер етеді. Міне, осылай шеңбер айнала береді.
       Бұдан пәтердің бағасы түспейді. Мысалы, осы жылы жаңа үйлердің бағасы 7,5-8 пайызға өсті. Құрылыс компаниялары шыққан шығынға қарай пәтер бағасын қойса, үйдің бағасы тағы қымбаттай түседі. Нәтижесінде, пәтер 15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Әрине, көп компаниялар сатып алушыларын жоғалтып алмас үшін әзірге бағаны ұстап тұруға тырысады. Дегенмен үйдің бағасы өсетіні анық.

       Соның салдарынан 2022 жылы елде ипотекалық бағдарламалар көбейіп, пәтер алудың түрлі жолдары ашылуы ықтимал.