Жазғы демалысыңызды қайда және қалай өткізесіз?

Жазғы демалысыңызды қайда және қалай өткізесіз?

Жазды бәріміз асыға күтеміз. Себебі, күн ысығанда отбасымызбен бірге қыдырып, балалармен таласып балмұздақ жеп, ел аралап, суға түсіп, шетелге саяхаттап кететіндей сезімде боламыз.  Егер осы ойларымыз орындалып жатса, қандай керемет. Алайда әркім, жылына бір келетін жазғы демаласын шамасына, қалтасындағы қаржысына қарап жоспарлайтыны анық. «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей, маусым айының ортасы да ауып қалыпты. Сіз жазғы демалысыңызды қайда және қалай өткізуді жоспарлап отырсыз? Standard.kz тілшісі осы сұрақты қазақстандықтарға қойған еді.    

Сәлима Мұратқызы. Алматы қаласы  

Жазғы демалысты үйде өткіземін. Егер жұмысымнан жақсы қаражат бөлініп жатса, онда Алматыға жақын орналасқан Ыстықкөлге немесе Алакөлге баратын шығармыз. Алысқа бара алмаймыз. Оған биыл ақша жоқ.

 

Назира Мұратова. ОҚО.

Өзім Шымкенттенмін. Сондықтан жаз бойы қыдырмақ ниетім бар. Бірақ шет елге емес. Өзіміздің Астана, Алматы сынды қалаларды аралағым келеді. Сондай-ақ Көкшеге барсам деймін. Ол жерде ешқашан болмағанмын. Барып өз көзіммен көріп қайтпақшымын. Сол себепті демалысымды асыға күтіп жүрмін.  

Гүлмаржан Оразалина. Ақтөбе қаласы

Бұл жазда үйге қайтамын. Ата-анам Ақтөбе қаласында тұрады. Сол кісілердің жанына барып, ыстық шәйін ішкім келеді. Туған жерге не жетсін. Ауылға барып, ұялы телефонды сөндіріп, әлеуметтік желілерден алыс болсам деймін.

Серіжан Болатхан. Алматы облысы

Бұйыртса жазда жұбайыммен берге Мысыр еліне барамын. Одан соң міндетті түрде ауылға қарай тартпақпын. Елді сағынып жүрмін. Тау-тасына шығып, аршасын иіскеп дегендей. Жаз демалуға арналған ғой. Үш ай болмаса да, бір ай демалу керек. Себебі жазда дәрумен жинап, ел, жер көресің. Зат алмасу процессін жақсартасың.  

 

Гүлсім Айдар. аспаз

Жаздың екінші айында Алматы қаласында болғым келеді. Ал тамыз айында Ыстықкөлге барамын деп ойлаймын. Себебі сол кезде көлдің суы жылып, демалуға қолайлы болады.

 

Қаршыға Жоламанова. зейнеткер

Жасым 60-қа жақындап қалды. Осы уақытқа дейін демалыс дегенді білмеппіз. Қазіргі жастар тез шаршағыш қой. Жазда демалмасақ болмайды деп жүреді. Егер мүмкіндігім болып жатса, балаларымның басын қосып, ауылда отырғанға не жетсін. Шетелге шығу деген мүлде ойда жоқ.

 

Еркін Тұрғанбек. Алматы қаласы.

Жазғы демалысымда Түркияға барғым келеді. Өткен жылы Стамбул қаласында болған едім. Өте ұнады. Алайда уақыттың тапшылығына байланысты көп жерлерін кере алмадық. Сол себепті қайта барғым келіп жүр.

Сақып Мұсаұлы. Жамбыл облысы.

Өзге жаққа бармаймын. Себебі қыдыратын, демалатын жерлер өз елімізде де жетіп жатыр. Мәселен, Алакөл, Бурабай, Баянауыл дегендей. Сол себепті еліміздің көрікті мекендерін аралағым келеді. Әрине бұл Еуропа емес, алайда «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ел емеспіз бе?

 

Карина Батырханова. Магистрант.  

Осы жылы Араб әмірлігіне барғым келіп жүр. Әрине, ақшаң болса қайда болсын бара аласың. Дегенмен өзімізге жақын, тағамын жей алатын мемлекетке барғым келеді. Себебі көп елдердің асын іше алмай жүрміз дегендерді талай рет естідім.

Демалыс - кейбір адамдар үшін табиғат аясына отбасымен көкке шығу, енді бірі үшін шетелге барып, саяхаттау. Ал жаз - жылдың ең керемет мезгілі. Ендеше мүмкіндікті пайдаланып, қамданып қалыңыз. Демалысыңыз көңілді өтсін!

Фото: nightmar4ik.livejournal.comЯндекс Дзен