Жазда ЖРВИ қоздырғыштары өміршең болады

Жазда ЖРВИ қоздырғыштары өміршең болады
фото: Bugin.kz

Қазір аптап ыстық болғанымен, айналамыздағы адамдардың көпшілігіне суық тиіп, ауырып жатыр. Бұған уақытша деп, бей-жай қарауға болмайды. Өйткені жазда ЖРВИ қоздырғыштары (ОРВИ/жіті респираторлық вирустық инфекция) өміршең болады.

Жылдың басқа мезгілінде ауырған бөлек, ал жазда тіпті мазаң қашады. Ыстық күнде жөтеліп, мұрыннан су ағып жатқанынан мазаң кетеді. Кейбіріның қызуы көтеріліп, тіпті қатты ауырады. Мамандар бұған ауа райының күрт ысып, күннің түскені себеп дейді. Себебі күн сәулесінің әсерінен иммунитет әлсірейді. Одан босаңсыған ағзадағы патогенді микробтар белсене түседі екен.

Ыстықтан қашқан жан салқын су мен балмұздаққа құмартады. Сонымен қатар кондиционерді жиі қосып, суға түскісі келіп тұрады. Мұның кесірінен ағзада жылу алмасу қызметі бұзылады.

Ал енді қалай емделу керек деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Көбірек су ішкен дұрыс. Ол денедегі микробтар вирустарды ыдыратуға көмектеседі. Адам ыстықта қатты терлейтіндіктен, бойындағы сұйықтығы азаяды. Сол үшін орнын толтыру керек. Сондай-ақ жылы су ішуге әдеттеніңіз.

Жаз – жеміс-жидектер мен көкөністерге бай мезгіл. Суыққа қарсы күресемін десеңіз, С дәруменіне бай қарақат, таңқурай, көкжидекті жиі жеуге кеңес береміз. Дүкендікінен гөрі жемістерден жасалған компоттарды дайындағаныңыз абзал.

Өз бетіңізше емделемін деп, ингаляция қолданбаңыз. Дәрігерлер адамның қызуы одан сайын көтеріліп кетеді деп, бұл әдіспен үйде емделуге қарсылық білдіреді.

Кей адамдар бұлай ауырғанына тым жеңіл қарайды. Жазылып кетемін деп ойлап, уақыт созып алады. Бірақ тамағыңыз жұтындырмай, температураңыз көтеріліп, жөтеліп, кеуде тұсыңыз ауырып тұрса, дәрігерге міндетті түрде бару керек.

Сыртқа шығуға, кез келген орынға бара берсеңіз болады. Бірақ желден, кондиционерден қашқаныңыз дұрыс. Толық емделіп болмайынша, өзіңізге күтім жасаңыз.

Жазда көпшілігі шетелдерде демалғанды ұнатады. Алайда егер сіз экзотикалық елге барғыңыз келсе, мына нәрселерді ескеріңіз:

сіз баратын аймақта жиі кездесетін жұқпалы аурулардың тізімін біліңіз;

осы инфекциялардың қалай жүретінін анықтаңыз;

аурудың алдын алу шарасын жасаңыз (керек болса, вакцинация жасаған дұрыс);

қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету үшін сақтандыру полисін рәсімдеңіз (бұл жұқпалы ауруларға ғана емес, денсаулықтың нашарлауына байланысты басқа форс-мажорларға да көмектеседі).

Алғашқы күдікті белгілер пайда болған кезде дәрігерге қаралыңыз. Егер үйге оралғаннан кейін денсаулығыңыз нашарласа, дәрігерге қай елге барғаныңызды жасырмай айтыңыз.

Жазда ауырмаңыздар!