фото: https://kursiv.kz
Жатақхана таппай жүр, талай қазақ баласы
Қазақтандағы 114 жоғарғы оқу орындарының тек 28-і ғана өз студенттерін жатын орынмен қамти алады. Демек, 90 мыңға жуық студент жатақханаға орналаса алмай, далада қалуы мүмкін.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәселенің шешімін тапқан сияқты. Ол хостелдер мен қонақ үйлердің бағасын түсіріп, студенттерді сол жерге орналастыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды Информбюро жаңалықтар қызметі.
Сондай-ақ министр өңірлік кәсіпкерлерді жатақхана құрылысына ақшаны аямай құюға шақырып отыр.
Жатақхананың тапшылығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда ерекше байқалды. Саясат Нұрбектің келтірген дерегінше, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4 500, Гумилев атындағы университетте 5000 төсек-орын жетпейді.
Студенттер хостелде тұруға қарсылық білдіріп отырған жоқ. Алайда бір бөлмеде 10 адамнан артық болмауын сұрап отыр.
Оқу басталар уақытта жалдау бағасының өсуі қалыпты жағдай. Әсіресе, білім ордасына жақын орналасқан пәтерлердің бағасы екі есе шарықтайды.
Сондықтан министр үкіметтен білім алушылар үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағасын реттеуді сұрады. Сондай-ақ әуе, теміржол билеттерін қымбаттатпауды қадағалау керектігін айтты.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через