фото: https://qazaquni.kz/
Қазақстанда әрбір бесінші жоғары білімді түлек ия таксиші, ия тамақ тасушы болып жұмыс істейді.
Ойландыратын дерек. Ес жиғызатын шындық.
Бірден басын ашып алайық, жан бағудың кез келген заңды жолына қарсылық жоқ.
Айтпағым, жуырда ойдай білім гранты бөлінді, жылда бөлінеді. Грант алмаған күннің өзінде таксиші/тасушы (ТТ) жігіттер ата-анасының қаржысының есебінен кемі 4 жылын сарп етіп оқиды. ТТ болу үшін дипломның қажеті не деген заңды сұрақ туады.
Бұл нені білдіруі мүмкін?
1) Профориентация нашар, яғни оқушылар кім болғысы келетінін нақты білмейді. Өмірлік шешім кездейсоқ қабылданады. Бұл тұжырымды растау үшін мектеп түлектерінің арасында әлеуметтік зерттеу жүргізу керек.
2) Диплом алған мамандардың біліктілігі төмен, яғни маман болып жұмыс істеуге квалификациясы жетпейді, содан кездейсоқ істі місе тұтады. Бұл тұжырымды да терең зерттеу қажет.
3) Жалпы, жұмыссыздық білімнің емес, ең алдымен экономиканың мәселесі. Сондықтан экономика әртараптанбай, өнеркәсіп көбеймей, жастар осылай кездейсоқ жұмысты істей бермек.
Шыны керек, жастарды аяймын.
Зертханаларда ғылыммен айналысып, жаңалық ашып, ия болмаса басқа да қосымша құны көп іспен айналысудың орнына жастық шағын мақсаты тамақ табудан аспайтын іске қор қылып жүр.
Олардың басым бөлігі, егер бәрі болмаса, қазақ тілді, қазақ мектебін бітірген жастар екеніне бәс тігемін. Ал сіздер ата-аналар балаларын қазақ мектептеріне бермейді дейсіздер.
Бұл да зерттеуге сұранып тұрған іс. Қазақ және орыс мектептерін, қазақ және орыс факультеттерде оқыған түлектердің тағдырын терең зерттеу қажет. Қай топ қаншалықты мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр? Қай топтың еңбекақысы жоғары? Және неге? Өте қызық тақырып.
Шыңғыс Мұқанның фейсбук парақшасынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через