Жастар "тәк-тәк" деген тыйыммен емес, Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр

Жастар "тәк-тәк" деген тыйыммен емес, Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр
фото: https://sputnik.kz

Жастар "тәк-тәк" деген тыйыммен емес, Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр

Сенатор Нұртөре Жүсіп "Алматы трагедиясы" жайлы: ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық  жіберіп  алдық,-дейді.

Қазақстанның ақпарат кеңістігі қаптаған шоу мен мән-мағынасы шамалы телехабарларға толып кеткен. Барлық телеарна рейтинг қуу ісімен айналысады, деді Нұртөре Жүсіп.

Сенат депутаттары Қазақстан 30 жыл ішінде ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алғанын мойындады. Сенатор Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қазіргі ұрпақ ата-ананың тыйымдарымен емес, Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр.

Нұртөре Жүсіп премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында "Алматы трагедиясына" әкеп соққан себептерге тоқталды. Айтуынша, қазір қоғамда "президентті қолдайық" деген пікір бар. Ол дұрыс. Бірақ, депутаттың пікірінше, президентті құр сөзбен емес, нақты іспен қолдау керек.

"Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. "Менің мемлекетім", "менің Қазақстаным" деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың "тәк-тәк" деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр",- деп қапаланды Нұртөре Жүсіп.

Ол қоғамда еңбек ету, адал мал табу, Отанға, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар, ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалғанын айтты.

"Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәтте ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты?! Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады?", - деп алаңдады сенатор.

Нұртөре Жүсіп былтыр сенатта өткен парламенттік тыңдауда бес құндылық, атап айтқанда тәуелсіздік пен тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр мен отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарылғанын еске салды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсынымдар берілген. Алайда, депутаттың сөзінше, соның бірде бірі назарға алынбады.

 

"Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды, соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін", - деді Жүсіп премьер-министрге.

Осы ретте сенатор үкімет жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, үкімет мүшелері өз жұмысын бөлек-бөлек істейді. Әр ведомство өз көрпесін өзіне қарай тартады. Ортақ бағыт, ортақ жоспар, үйлесімді іс-қимыл жоқ.

Сондай-ақ ол теледидар мен БАҚ-тағы хабарларға назар аударуға шақырды. Айтуынша, Қазақстанның ақпарат кеңістігі қаптаған шоу мен мән-мағынасы шамалы телехабарларға толып кеткен. Барлық телеарна рейтинг қуу ісімен айналысады.

Нұртөре Жүсіп ұлттық мемлекет құрып жатқанда, ешқандай рейтингтің қажеті жоқ деп санайды. Бұл ретте депутат "Еларна", "Тәлім" арналарын жасөспірімдер мен жастар арнасы етіп қайта құруды ұсынды

 

 

 

Мәтіндегі ақпарат туралы