фото: dreamstime.com
Өтпелі кезеңде САБЫРЛЫ болыңыз!
Балаңыздың құрсағыңызға біткеніне қуанып, дүниеге келгеніне бір қуанып, ұйқысыз түндер, балабақшаға барып, одан мектеп табалдырығын аттап, қашан өз бетінше «адам болады» дегеніңізше талай баспалдақтардан өтесіз. Балалық шағы өз алдына, бойы мен ойы өсіп, жасөспірімдік кезеңге келгенде, балаңыздың мінез-құлқының өзгеруін дұрыс қабылдай алмай, жиі түсініспеушіліктер болып тұратыны әрбір ата-ана үшін жеткілікті уайым. Бала жасөспірімдік кезеңге келгенде әр нәрсеге еліктегіш болуы да қалыпты. Шашын әр түрлі түске бояп көру, сабақтан қашу, сарказммен сөйлеу, қырсығу, ата-ананың пікірімен келісе алмай, өз дегенімен жүріп-тұрғысы келу секілді сезімдермен бетпе-бет келесіз. Бұл әрине, ата-анаға біраз күш түсіретіні анық. Кешегі монтиған балаңызды бүгін түсіне алмай жүрсеңіз, психолог мамамндары айтқан МЫНА кеңестерге құлақ түріңіз:
САБЫРЛЫ БОЛЫҢЫЗ!
Ұлыңыздың немесе қызыңыздың бойындағы гормондардың әсерінен мінез-құлқы да бірден өзгеріп кетсе, сабырлы болыңыз. Әлбетте, жасөспірімдік шақта көбінесе, мінез-құлқы нашар тарапқа қарай өзгереді. Бұл да уақытша құбылыс екенін есте сақтап, қарым-қатынасқа абай болыңыз. Өйткені, бұл аты айтып тұрғандай, «өтпелі кезең». Ары кетсе, 2-3 жылда өтіп кетеді. Біріншіден, өтпелі кезеңдегі балаңызға құрғақ ақыл өтпейді. Ұзақ уақытқа созылған дискуссия, ұрыс, қатаң талаптар пайдасын бермейді. Мысалы, «телефонды таста!» десеңіз, «өзіңіз де телефонға қарайсыз ғой» деген жауап алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, сөзбен емес, іспен дәлелдеңіз. Балаңыздың телефонда көп отырмағанын қаласаңыз, өзіңіз де баланың көзінше телефоныңызға басыңызбен кіріп кетпеңіз. Мұндай кезеңде кірпідей жиырылып отырған балаңызды ашық әңгімеге тарту да қиындық тудырады. Ал өтпелі кезеңдегі баланы ашық әңгімеге тарту үшін, өзіңіздің тап сондай жастағы кезіңізді еске алып, басыңыздан өткен оқиғаларыңызды жасырмай айтып берсеңіз болады. Мұндай кезде балаңыз да сізбен емін-еркін сөйлесуге ынталанады.
ТАҢДАУЫН ҚҰРМЕТТЕҢІЗ!
Оған таңдау беріңіз. Таңдауына сыйластықпен қарай отырып, өз пікіріңізді жұмсақ етіп жеткізе біліңіз. Мәжбүрлемеңіз, оның да таңдауын ескерек отырып, баланың сеніміне кіре аласыз. Мысалы: «Сен мұны қаламасаң, оның орнына мынаны көрсең қайтеді? Бұл саған керемет жарасатын секілді» деген секілді альтернативті таңдауды ұсыныңыз. Оған ойлануға мүмкіндік беріңіз. «Мен сендей кезімде анамның әкеліп берген киімін үндемей кие беруші едім, керісінше қуанатын едім» деп бастасаңыз, қырсығады. Керісінше, оның жақсы қасиеттерін айтып, мақтаңыз. Сізге ұнамайтын мінездерін де жанамалап жеткізіңіз осындай мезетте.
ДӘРУМЕНДІ ТАҒАМДАР ҰСЫНЫҢЫЗ!
Оған дәрумені мол тағамдар ұсыныңыз. Дәл осы мезетте оның ағзасына дәрумендер көбірек қажет болады, себебі баланың ағзасы өсу үстінде. Егер дәрумендер тапшылығы байқалса, балаңыз агрессивті болуы мүмкін. Кальций, темір жеткіліксізді жасөспірімдік шақта көп байқалады.
КЕМСІТПЕҢІЗ!
Өтпелі кезеңде бала өзін сенімсіз сезінеді. Оған ата-ананың немесе үлкендердің «бетіңе безеу қаптап кетіпті ғой», «бойың сорайып қайда бара жатыр?» деген сөздердің өзі көңіліне ауыр тиеді. Өйткені олар дене бітіміндегі өзгерістерден не істерін білмей, комплексті жағдайда жүреді. Мұндай сәтте баланың қандай да бір кемшілігін бетіне басып, айта беретін болсаңыз, бұл комплекс оның бойында өмір бақи қалып қоюы мүмкін. Балаңыздың бөлмесіне баса көктеп кірмей, рұқсат сұрап немесе есігін қағып кіріңіз. Ол өзінің жеке бұйымдарын, телефонын ата-анасының меншіктеп, ақтарғанын қаламайды. Баланың өз шегарасын қорғауды осы шақта үйрете аласыз. Кейін ол да басқалардың жекеменшігіне өтудің дұрыс еместігін ұғып, мәдениеті қалыптасады.
ЕРКІНДІК БЕРІҢІЗ!
Еркіндік дегенді дұрыстап түсіндіріңіз. Еркіндік бетімен кету емес, жауапкершілік арқалау екенін түсінсін. Өйткені, ол достарымен қыдырғысы келеді, қалаған жағына барғысы келеді. Бұған бірден шектеу қоймай, белгілі бір уақытқа рұқсат беріп, бірақ «еркіндікті қаласа, жауапкершілікті де қоса алып жүру керектігін» үйретіңіз. Баланың аты бала, оның мұғалімдерімен және жақын достарымен байланыста болыңыз.
АШЫҚ ӘҢГІМЕЛЕСІҢІЗ!
Өтпелі кезеңдегі бала үшін айналасында болып жатқанның барлығы қызық. Мысалы: темекі шегіп көруі мүмкін, анайы бейнетаспаларды көруі мүмкін, төбелесуі де мұндай кезеңде орын алып тұратын жағдай. Мұны байқап қалсаңыз, оған айқайлап, жылап немесе жазалауды бастайсыз. Мұнда да ашық әңгіме керек. Сіз де оның жасында болдыңыз, сондықтан, осыны балаңызға түсіндіре отырып, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын, денсаулыққа зиян екенін санасына құя біліңіз.
АРТҚА ШЕГІНУ ДЕ ПАЙДА БЕРЕДІ
Кейде артқа шегінуге тура келеді. Иә, сіз балаңыздың дұрыс істемегенін білесіз, бірақ ол да өз басынан өткізіп көруі керек шығар мүмкін? бірақ балаңызды бетімен жіберіп қойыңыз деген сөз емес, қадағалауды жалғастырыңыз. Өзі түсінеді.
Ernur.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через