Алдағы оқу жылынан бастап дене шынықтыру және технология пәні қыз және ұл балалар үшін бөлек өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлім етті.
«Алдағы оқу жылында білім және тәрбие беру бойынша оқу-әдістемелік нұсқаухат әзірленді. Ол биылғы оқу жылының соңына дейін мектептерге жеткізіледі. Жаңа оқу-әдістемелік нұсқаухат мектеп жасына дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие және білім беру беру процесінің сапасын арттыру мақсатында қойылған талаптармен толықтырылды. Ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмысты психологиялық-педагогикалық нормаларына сәйкес ұйымдастыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын отбасы балаларын мамандандырылған білім ұйымдарына қабылдауға арнайы квота енгізу жұмысы жүріп жатыр», деді Гүлмира Кәрімова Білім және ғылым министрлігінде өткен аппарат жиынында.
Сондай-ақ комитет басшысы білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау жұмысы да жалғасын табатынын айтты. Бүгінде 200 білім беру ұйымының басшысы ротацияланды.
«Өзін-өзі тану пәнінің оқу жоспарынан алынып тасталуына байланысты өзін-өзі тану курсын оқыту ерекшеліктері туралы 19-бөлімге өзгерістер енгізіліп, мазмұны қысқартылды. Көркем еңбек пәнінің 1-4 сыныптарда еңбекке баулу және бейнелеу өнері, 5-9 сыныптардағы бейнелеу өнері мен технология пәнінің бөлінуіне байланысты аталған пәндерді оқытуда өзгерістер енгізіліп, толықтырылды. Технология және дене шынықтыру пәндерін өткізуде сыныптың толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздар тобына бөлу туралы қағида енгізілді», дейді ол.
Egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через