Жалқаулық – зиянды кесел

Жалқаулық – зиянды кесел

       Уақытқа ілесіп, жоспарларыңызды орындап үлгеріп жатырсыз ба? Әлде жалқаулық кедергі болуда ма? Жыл басында жоспарлаған істерін әлі бастамаған да оқырмандар табылады. «Жалқаулықты жеңе алмай жүрмін» деп құтылады көбі. Ал кейбірі айналасындағы адамдардан «Жалқауланып жата бересің бе, жетеді, өзіңді қолға алсайшы», «Ерік-жігерің қайда, бұрын мұндай жалқау емес едің ғой» деген сияқты сөздерді естісе де жұмысқа қолы бармай, есінеп, үйінен шыққысы келмейді. Ал психологтар «жалқау адам болмайды» дейді. Тек ағзасын, жанын тыңдамайтындар, өзіне не қажет екенін білмейтіндер бар екен. Канадағы Симон Фрезер университетінің ғалымдары «жалқаулық – бұл адамның жүйке жүйесінің дабылы» деп анықтама береді. Дабылдың себебін анықтау арқылы жалқаулықты емдеуге болады. Иә-иә, одан құтылуды, жеңуді емес, емдеуді ойлаңыз. Өйткені ол психологиялық және физиологиялық аурулардан хабар береді.

Сонымен, жалқаулық неден хабар береді?

Ішкі күйде бір нәрсенің дұрыс болмауы; ⠀

 Физикалық белсенділіктің төмендігі;⠀

 Эмоциональдық шаршау;

Гормондардың жетіспеушілігі;

Мотивацияның жоқтығы;

Тығырыққа тірелу;

 Жалығу, қызығушылықтың жоғалуы.

       Байқасаңыз, бұл себептердің астарында психикалық және физикалық баланстың бұзылуы жатыр. Әрине, әркімдегі жалқаулықтың себебі түрлі-түрлі. Сондықтан әркім өз тәнінің, жанының не айтқысы келетінін «тыңдай» білсе, жалқаулықтың себебін таба алады. Мысалы, көбіне жалқаулық арқылы ағза адамға мыналарды айтқысы келеді екен:

«ДЕМАЛЫС КЕРЕК»

       Стресс, эмоциональдық күйдің төмендігі қозғалуға мұрша бермейді. Ендеше, демалыңыз. Сағаттың, есіктің қоңырауын, телефонды сөндіріп тастап ұйықтаңыз. Немесе көліктің, көршілердің, ауладағы балалардың дауысы естілмейтін саяжайға барып демалу керек шығар. Я болмаса ағзаңыз үй ішінде емес, табиғат аясында (далада) ұйықтап тыныққысы келетін болар?! Тәніңіздің тілін түсінуге тырысыңыз. Ұйқы мен тыныш жерде демалу – тек физикалық қана емес, эмоционалдық күй күшін де қалпына келтіре алатын табиғи дәрі.

«ДӘРУМЕН ҚАЖЕТ»

       Ағза сізге физикалық, психологиялық ресурстарыңыздың таусылғанын айтқысы келеді. Ал бұл ресурстар денсаулықпен тікелей байланысты. Сондықтан да жұмысқа зауқыңыз соқпай, мәселелерді шешуде әлсіздік танытып жүрсеңіз, терапевтке барыңыз. Медицина мамандарының айтуынша, жүйке жүйесінің әлсізденуіне эндокриндік бұзылыстар әсер етеді. Қалқанша бездегі гипотиреоз, басқа да гормоналды бұзылулар анықталса, қажетті дәрумендерді қабылдаңыз. Сонымен қатар, бауыр жұмысында қандай да бір бұзылыс болса да адамның бойын «жалқаулық» билейді. Қан құрамын, гормондарыңыздың мөлшерін тексертіп, дәрігер кеңесімен ағзаңызды дәрумендермен, минералды заттармен толықтырыңыз.

 «ӨТКЕН ШАҚТЫҢ ЕСІГІН ЖАП»

       Жаныңыз өмірдің өткен шағына ойша орала берме деген хабар бергісі келетін шығар. Өйткені адамның қуатын ең көп соратын нәрсе, ол – өткен шақтағы жағымсыз оқиғаларды еске алу, өкіну екен. Әсіресе, бала кезде орын алған жан жарақатын ойлау беру апатияға жетелейді. Жан жарасын уақыт емдейді, ол үшін оны сол күйінде қабылдау керек немесе ұмыту қажет. Жазыла бастаған жан жарақатын тырналай бермеңіз. фото: avatars.mds.yandex.net «ӨЗІҢЕ СЕН» «Қолымнан келмейді», «Тағы да сәтсіздікке ұшырасам ше?», «Осы қалпымда жүре берейінші, бәрібір арықтамаймын», «Өмір неткен қиын», «Қиналып, жалақымды жеткізе алмай жүрмін» деген сөзді қаншалықты жиі қайталасаңыз, өмірлік қуатыңыз соншалықты кеми береді. Жалқаулығыңыздың бір себебі осында жатуы мүмкін. Қолыңыздан келмесе де талпынып көрсеңізші. Сәтсіздіктен қорықсаңыз да тағы бір қайталап көру де тәжірибе ғой. Өмір тәжірибе жасап көрумен, сынап көруден, тәуекел етумен қызық емес пе? Қызық үшін қорқып жүрген жұмыстарды істеп көріңіз. Мүмкін расында да бұл өзіңізге деген сенімсіздікті жояды. Ал сеніміңіз артса, тілдік қорыңыздағы «қиын», «қолымнан келмейді» деген сөздер «емделеді».

«ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДІ ТАСТА»

       Зиянды әдеттерден тек тән ғана емес, жан да зардап шегеді. Никотин, кофе, алкоголь ағзада шектен тыс артқанда адам әрекеттен гөрі ойға көп шомғыш келеді. Оның өмірге қызығушылығы азаяды, барлық нәрседен жалыға береді. Ең жаманы, зиянды әдеттер мотивация біртіндеп жояды. Бұны никотин, спиртті ішімдік сияқты зиянды заттардың ми жұмысына кері әсерімен түсіндіруге болады. Сөйтеді де адам әрекетсіз күйге көшеді. Егер ағзаңыздың не айтқысын келгенінестіп, түсінгеніңізбен, өз бетіңізше «емделу» қолыңыздан келмесе, арнайы мамандарға барыңыз. Олар: Терапевт; Психолог; Психотерапевт; Фитнес-тренер; Әрине, мамандардың кеңесіне жүгінбес бұрын, жалқаулықтың себебін анықтап, оны өзіңіз емдеуге тырысып көріңіз. Өйткені сіздің жаныңыз бен тәніңізді сізден артық ешкім түсінбейді

       Ernur.kz