Хиросимаға тасталған атом бомбасын жасаған еврей кім?

Хиросимаға тасталған атом бомбасын жасаған еврей кім?
фото: mediabugin@gmail.com

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы көп елге тиді. Алып державалар бірінен бірі озу үшін қарудың түр-түрін жасады. Бұл бәйгеде АҚШ бәрін басып озды. Атом бомбасын жасап, Жапонияның екі қаласына тастап үлгерді.

Жойғыш құралды жасаған Роберт Оппенгеймер "Атом бомбасының әкесі" деген атпен тарихта қалды. Ол 1904 жылы Нью-Йоркте еврей отбасында дүниеге келген.

1945 жылдың 6 және 9 тамызында жарылыстан Хиросимада 90-166 мың адам, Нагасакиде 60-80 мың адамдай қаза тапты.

Франклин Рузвельттің тапсырмасымен жедел түрде "Манхэттен жобасы" басталады. Мақсат: ешкімде жоқ, қуаты күшті бомба жасау.

Елдің әр түкпірінен түрлі ғалымдарды жинап, Нью-Мексико штатының адам аяғы баспайтын жазығына қалашық соғады. Лос-Алмос деп ат қойып, жұмысты бастап кетеді.

Лос-Алмостың алыста орналасуының бірнеше себебі бар. Ең бірінші, бұл мемлекет құпиясы, екіншіден, бомбаны сынақтан өткізу үшін жазық дала керек болған-ды.

1942 жылы Гарвардта Роберттің ұстазы болған Джеймс Брайант Конант шәкіртіне Беркли тобына жетекшілік етуін сұрайды. Ғылымға жан-тәнімен берілген физик келісім береді.

Жобаны басқаруға АҚШ әскерінің генерал-лейтенанты Лесли Ричард Гровс келеді. Нобель сыйлығының жоқтығына, достарының коммунист болғанына қарамастан Гровс Оппенгеймерді аса құпия жобаның басшысы етіп тағайындайды.

Үш жылда бірнеше миллиард жұмсалған жоба саяси тұрғыда өзін ақтады. Ғылыми көзқараспен сәтті аяқталған жобаға, моральдық және материалдық тұрғыда қарау өте ауыр болар еді. Оған қираған қаладан бұрын, қаза тапқан адам шығынын еске түсірсек болғаны.

1965 жылы телебағдарламалардың бірінде Оппенгеймерден бомба жарылған сәтті еске алуын сұрайды. Сонда ғалым:

"Біз әлем бұрынғыдай болмайтынын білдік. Бірнеше адам күлді, бірқатары жылады. Көпшілігі үнсіз қалды. Мен индуизмнің қасиетті кітабы Бхагавадгитаның мына жолын есіме түсірдім: "Вишну ханзаданы өз міндетін орындау керек деп сендіруге тырысады және оған ықпал ету үшін өзінің көп қолды кейпіне еніп: "Мен - өліммін, әлемдердің ұлы жойғышымын" дейді. Менің ойымша, біз бәріміз осындай нәрсе туралы ойладық", - дейді.

Қазақпарат