Химияны TikTok-тағы трендтермен түсіндіремін
Мен елордадағы Astana Garden School мектебінде химия пәнінен сабақ беремін. Химияға махаббатым сонау мектеп кезінде ашылған. Якутияда өткен химиядан халықаралық олимпиаданың жеңімпазы болдым. Кейін Назарбаев университетінің химия факультетін бітірдім.
Әлеуметтік желіде химия жөнінде қазақтілді парақша ашу туралы идея биыл жазда келді. Менің Жұлдыз есімді сіңлім – TikTok-та бірнеше миллион адамнан тұратын аудиториясы бар блогер. Менің химияны оқушыларға қазақ тілінде түсіндіргім келетін ниетімді көрген ол маған TikTok-тағы трендтерді көрсетіп, біраз ақыл-кеңесін берді. Бір айдай ойланып жүріп, парақша аштым. Кейіннен жаныма биология және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдерін де қостым. Бүгінде біз оқырмандарға осы пәндерге керек дүниелерді, ережелерді әртүрлі TikTok-тренд арқылы түсіндіріп жүрміз.
Мұндай әдіс-амал өте қолайлы екен. Өйткені қазір балалардың барлығы-дерлік осы әлеуметтік желіні қолданады. Пайдасыз контент тамашалағанша, өздеріне керекті, сабағына пайдасы тиетін видеолар көргені жақсы емес пе?! Трендтерді қолданып, күрделі тақырыптарды да түсіндіру оңай. Мәселен, «Мен химиялық элемент болсам, не болар едім?» деген видео балаларға өте жақсы өтті. Химиялық реакция түрлерін, теңестіру, валенттілік деген тақырыптарды да TikTok форматына салып түсіндіремін.
Қазір аудиторияны белгілі бір атпен атау сәнге айналды ғой. Мысалы, Ninety One фанаттары eagles деп аталады. Сол секілді, мен де өз оқырмандарымды химиялық элементтің атымен Aurum, яғни «Алтындарым» деп атаймын. Қазір менде 783 алтын бар. Олардың бәрі – ешқандай арнайы бағдарламамен жиналмай, өздері қосылған балалар. Маған олардың әрбірі қымбат.
Назира ШӘБДЕНОВА,
TikTok-тағы «Оңай Study» парақшасының авторы:
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через