Халықаралық байқаудан қазақ жауынгерлері 11 жүлдемен оралды

Халықаралық байқаудан  қазақ  жауынгерлері 11 жүлдемен оралды

Халықаралық байқаудан  қазақ  жауынгерлері 11 жүлдемен оралды

Қазақстан Қарулы күштері жақында Мәскеуде өткен «Aрмия-2021» халықаралық ойындарының жүлделі орындарын иеленді. Бұл үлкен сайысқа 11 елден  42  команда  қатысты. Олар 34  түрлі  бағытта  бақтарын  сынап көрді.  Салтанатты  шараға  Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу видео қоңырау арқылы  қатысты.

Халықаралық армия ойындарының өзіндік дәстүрі бекіп келеді, бүгінде  әлемдік масштабтағы маңызды шараға айналды.  Армия-2021 халықаралық ойындарының жабылу салтанатында танк биатлоны жарысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері үшінші орынды иеленді.

«Мәтібұлақ» полигонында өткен «Сұңқар аңшылығы» конкурсында қазақстандық әскерлер топ жарып, І орынды қанжығасына байлады. Әуеде барлау қызметін жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптары арасында отандастарымыз шашасына шаң жұқтырмады. Беларусь әскерлері екінші орыннан көрінсе, Ресей үшінші орынды қанағат тұтты.

Келесі бір маңызды сайыстардың бірі – «Артиллериядан оқ ату шеберлерінің» конкурсы. Минаатқыш бөлімшелер бақ сынаған кезекті сынақта да Қазақстан жауынгерлері негізгі қарсыласы – ресейлік әскери қызметшілерді басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ресей екінші орынға тұрақтаса, Әзербайжан үшінші орынды алды. Қазақстан Қарулы Күштері бұдан өзге де бірқатар сайыстардан жүлделі орындар алды. Мәселен, «Десант взводы» конкурсында екінші орынға табан тіресе, «Тактикалық мерген», «Аттар марафоны», «Бейбітшілік жауынгері», «Тәртіп сақшысы», «Эльбрус шеңбері», «Теңіз кубогы» және «Армия мәдениеті» сайыстарында «қола» жүлде алды.

 Сонымен халықаралық армиялық сайыста қазақ жауынгерлері оқ бойы озық көрінді. Жауынгерлерді  жеңісімен   құттықтаймыз.

Суреттер Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметінен алын

 Ақпарат көзі: https://el.kz/news/kogam/armiya-2021-_-aza-_armiyasyny-_-orzhynynda_11_zh-lde/