фото: https://sputnik.kz
Үкіметте мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Бұл жолы автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, соңғы кезде автомобиль жолдарының сапасына қатысты шағымдар көбейген. Жол сапасы нашар. Оған қоса, кей жерлерде асфальт күзде, тіпті, қыста төселіп жатады.
"Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына жұртшылық қанағаттанбай отыр. Интернетте жұмыстың регламент бойынша емес, жаңбыр, тіпті қар жауып жатқан кезде жүргізіліп жатқаны түсірілген көптеген бейнеролик пен фотосурет толып тұр", — дейді Әлихан Смайылов.
Осы орайда үкімет басшысы бірнеше мысал келтірді. Абай облысы Көктерек ауылында қардың үстіне асфальт төселген. Павлодар облысында асфальтті жолға шашып тастай салған. Ал кейбір өңірлерде ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы органдарды күтпей, жолдарды өз күшімен жөндейтін болған. Мәселен, Алматы облысы Рысқұлов ауылында, сосын Маңғыстау облысы Атамекен ауылында түсірілген видеолар кеңінен тараған.
Әлихан Смайылов жол салу әдістерін түбегейлі өзгертуді талап етті. Ол үшін әкімдіктерге жергілікті автожолдар желісін салу және жөндеу бойынша сапалы жұмыс жүргізу тапсырылды. Атап айтқанда, құрылыс маусымын бірден бастау үшін мемлекеттік сатып алу мен құрылыс материалдарын сатып алудың барлық рәсімін жақын арада тездетіп аяқтау керек.
Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін "Мерке-Бурылбайтал", "Ақтөбе-Атырау-Астрахан", "Алматы-Өскемен", "Өнеге-Бейсен", "Казталовка-Жәнібек", "Үшарал-Достық" сияқты маңызды жобаларды аяқтау қажет.
Айта кетері, президент өзінің сайлауалды бағдарламасында 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндетін қойған болатын.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 70 мың шақырым жергілікті желінің 85%-ы – нормативтік жағдайда. Жамбыл (97%), Маңғыстау (96%) және Павлодар (91%) облыстарында жергілікті жолдардың жай-күйі жақсы, 3 өңірде көрсеткіштер орташадан төмен. Олар: Батыс Қазақстан (46%), Ақтөбе (72%) және Атырау (72%) облыстары.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через