фото: sputnik.kz
Жақында Тараз қаласында велосипед мінген ер адамға рөлді бір қолмен ұстағаны үшін айыппұл салынды. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тараған болатын. Жазаға тартылған ер адам айыппұлдың мұндай түріне таңғалып, полицейлерді видеоға түсірген. Бірақ ол өз кінәсін мойындады. Артынан полиция осы оқиғаға түсініктеме беріп, велосипедшінің жүріп келе жатып ұялы телефонмен сөйлескенін хабарлады. Себебі велосипед мінген адам жүргізуші болып саналады. Сол үшін әкімшілік хаттама рәсімделген. Sputnik Қазақстан велосипедке қатысты жол ережесінің негізгі талаптарын назарларыңызға ұсынады.
Бір қатармен жүру керек
Қазақстанда велосипед, мал жегілген арба мен мопед үшін ортақ ереже бар. Бір айырмашылығы, мопедке 16 жасқа толған адамдар ғана міне алады. Ал велосипедшіге ондай талап қойылмайды.
Ережеге сәйкес, велосипед үшін арнайы жол болмаса, жолдың оң жағымен жүруге болады. Жол жиегімен де жүруге рұқсат. Бірақ жаяу жүргiншiлерге кедергi келтiрмеу керек.
Велосипед мінген адамдар бiр қатармен жүруге тиіс. Ал велосипедшілер көп болған жағдайда он адамға бөлініп, топпен қозғалған жөн. Сосын бір-бірінен басып озуды жеңiлдету үшiн топтардың арақашықтығы 80-100 м болуы шарт.
Велосипедшінің міндеттері
Жол жүру ережесінің 24-бабына сәйкес, велосипед пен мопед жүргiзушiлерiне бірнеше талапты қатаң сақтауы қажет. Оны бұзған жағдайда айыппұл салынады. Негізгі шектеулер:
рульден ұстамай жүруге;
жолаушы тасымалдауға;
ұзындығынан немесе енi жағынан 0,5 метрге артық шығып тұратын жүктердi немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктердi тасымалдауға;
·велосипед жолағы болғанда жолмен жүруге;
бiр жол жолағынан артық болғанда солға бұрылуға немесе керi бұрылуға;
автомагистральмен жүруге тыйым салынады.
Сондай-ақ велосипед жолағы мен жол қиылысқан жерде бағдаршам болмаса, көлікке жол беру керек.
Айыппұлдың көлемі қандай
Қазақстанның заңнамасы бойынша велосипедшілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша жауап береді. Жол ережесін бұзғаны үшін 2 АЕК (6 900 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал жәбiрленушiнiң денсаулығына зиян немесе материалдық залал келген жағдайда 10 АЕК (34 500 теңге) төлеуге тура келеді.
Тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 2 АЕК бес есеге өседі. Ал материалдық залал келген немесе жәбірленуші жеңіл жарақат алған жағдайда 20 АЕК (69 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Веложолақ бар жерде тротуармен жүргені үшін жаза қарастырылған.
Велосипедші жүргізуші екенін ұмытпау керек
Полицейлер маңызды бір мәселені ұмытпауға кеңес беріп отыр. Жол ережесіне сәйкес, велосипедке мінген адам жүргізуші болып саналады. Ал велосипедті ұстап келе жатса, жаяу жүргіншілерге жатады. Соған қарай әкімшілік жаза да қолданылады.
"Жолда абай болыңыздар! Тыйым салынған жерден өтуге болмайды. Жолды тек жаяу жүргіншілер жолағымен кесіп өтіңіз. Ол кезде велосипедтен түсу керек. Сосын велосипедке шам мен катафот орнатып қойған дұрыс. Сонда қараңғы түскенде жолда келе жатқаныңыз алыстан көрінеді", - дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 28-бабы бойынша 16 жасқа толған және ақыл-есi дұрыс адамдар жауапқа тартылады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через