фото: ortalyq.kz
Соңғы уақытта қоғамда вейп, электронды темекі мәселесі жиі көтеріліп жүр. Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда президент те қаупі туралы айтты. 2020 жылдан бері бұл тауарды тұтыну 300 есеге артқан екен. Үш жыл бұрын 21 мың данасы әкелінсе, биыл бұл сан 6 миллионнан асқан. Қазақстанда ресми тіркелген 20 ірі импорттаушы бар. Олар: «Электронды темекінің зияны, кәдімгі шылымға қарағанда анағұрлым аз» дейді.
Ринат Шамерзаев, Қазақстандық вейпинг қауымдастығының басшысы:
Сигареттің 900 градус цельсиде тұтанатынын білесіздер. Темекінікі одан бірнеше есе төмен. Электронды темекіде одан да төмен. Электронды темекілер әу баста ересектер үшін арналған. Яғни ағзаға тиетін зиянды азайту үшін.
Бірақ, дәрігерлер бұл уәжбен келіспейді. Алдымен вейптердің құрамы толық зерттелмеген дейді ақ халаттылар. Әрі темекінің бұл түрінде де никотиннің бар екені белгілі. Вейп сұйықтығының 1 миллитріне 53 теңге акциз салығы салынғаны да зиянының бір белгісі. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер үшін пайдасы тимесі анық.
Айгерім Кейкиева, терапевт-пульмонолог:
Жасөспірім кезінде яғни балалардың мидың даму бір кезеңі өтеді. Есте сақтау қабілетінің нашарлауы, және де танымдық қабілетінің нашарлауы содан түрлі невроз қауіпті ауруларға алып келеді.
Жалпы жасөспірімдер неге вейпке құмартуының сыры неде? Электронды шылымның соңы тағы қандай сырқатқа әкеліп соғуы мүмкін? Әлем елдері бұнымен қалай күресіп жатыр?
Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі. Әрине, сол 4 мың адамның кеселі электронды темекіден болды деуден аулақпыз . Бірақ, шылымның шырмауы зиянын тигізбей қоймайды дейді дәрігерлер.
Айгерім Кейкиева, терапевт-пульмонолог:
Тартқаннан бастап қанға сіңеді. Және психологиялық тәуелділік шақырады. Адам оны шекпесе ашуланшақ болып келеді. Оны күнделікті тұтыну адам ағзасына жүрек-қантамыр ауруларына, тромптың пайда болуына және де мидың қай құйылуына дейін әкеледі. Егер көп уақыт пайдаланған жағдайда қатерлі ісік ауруына дейін шалдығады адамдар.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда электронды темекі тұтыну статистикасы соңғы 4 жылда 3 есе өскен. Бұл тек 11-15 жастағы жасөспірімдер арасындағы дерек. Электронды темекі қолданатын қыздардың саны 3 есеге, ұлдардың саны 1,5 есеге артқан. Дәрігерлер мен ата-аналарды алаңдатқан да осы сандар.
Нұрлан Ағзамов, пульмонолог:
Жасөспірімдер жиналады. Жиналады да сол бір құрылғымен бәрі де сол сигаретті тартып шығады. Ол неге апаруы мүмкін? Ол мына жұқпалы ауруларға апаруы мүмкін. Оның ішінде ол туберкулез болсын, мынау гепатит болсын қазіргі таңда басқа да инфекциялар тарауы мүмкін.
Негізі вейп, электронды темекілерді 21 жастан бастап алуға болады. Егер заң бұзған жағдайда жеке тұлғалар 15 АЕК айыппұл арқалайды. Яғни 51 570 теңге. Ірі кәсіпкерлік субъектілер 100 АЕК дейін айыппұлмен жазалануы мүмкін. Заң осылай дейді. Бірақ онда оқушалардың қолына вейп қайдан түсті? Сондықтан белсенділер вейптердің саудасы бақылауға алынбаған деп дабыл қағып отыр. Ең дұрыс шешім оның саудасын түпкілікті тоқтату дейді.
Жәмила Садықова, «Темекісіз» ұлттық коалициясының көшбасшысы:
Вейп өндірушілер контрабандалық тауар мен заңды тауардың арасында айырмашылық бар, құрамы басқа деген уәж айтады. Бірақ, бұл шындыққа жанаспайды. Екеуінде де глицерин, 2000-нан астам химиялық заттар мен ароматизаторлар бар. Вейп индустрия азаматтар үшін тартымды электронды темекі дайындап шығарды. Сондықтан улы вейп индустриямен күрестің жалғыз жолы оған толығымен тыйым салу.
Вейп сонысымен де жасөспірімдерді баурап тұр, дейді мамандар. Түрлі-түсті қорабы, тәтті дәмі, жағымды иісі... Бұл өзі қайдан келген дүние?
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілі:
Егер Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне кірмейтін елдерді айтатын болсақ Қытай, Корея, Макао сияқты елдерден сонымен қатар ЕО елдерінен сигареттер алып келінген. Жалпы 2023 жылдың 5 айының қортындысын алатын болсақ 23 мың литр вейптер мен құрамында никотині бар сұйықтықтар алып келінген.
Қазақстан вейп мәселесін жан-жақты талқылап жатыр. Бұл уақытта әлемнің кей елдері электронды темекіге толық тыйым салып үлгерген. Бұл қатарда Бельгия, Канада, Дания өзге де мемлекеттер бар. Ұлыбриятаниялықтар да мәселеге назар аударған. Мысалы Рейчел Хоуидың қызы 17 жасында вейпингтің құрбаны болған. Бойжеткеннің алдымен қос өкпесі сыр беріп, кейін жүрегі тоқтап қалған.
Рейчел Хоуи, Лондон тұрғыны:
Қызымның бұл жалғанда жоқтығына әлі сене алмаймын. Вейптен сақ болуға шақырамын.
Энди Буш, балалар дәрігері:
Электронды темекілер балаларды аурухананың интенсивті терапия бөлімінен бір-ақ шығаруы мүмкін. Өкпеден қан кету сияқты жағдайлар өте қауіпті.
«Қазақстанда да осы көрініс қайталанбасына кім кепіл? Баламыздың болашағына бей-жей қарай алмаймыз» дейді ата-аналар. Сондықтан вейпке қарсы қол жинауды бастап кеткен.
Баян Ахатай, Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесі төрағасының орынбасары:
Петицияға қол қойған 18 мыңға жуық ата-ананың атынан сөйлеп отырмын. Сондықтан мен батыл түрде біздің балаларымызға 1 пайыз болсын қауіп төндіретін заттарды мемлекетке кіргізуге тыйым салуды сұраймыз.
2024 жылдан бастап электронды темекі мен вейп саудасына толықтай тыйым салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне биыл күзде өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Бірақ, бұл келесі бір мәселені ушықтырмай ма? Бірер ай бұрын ғана 50 мың дана вейпті алып өтпек болған жамбылдық азамат ұсталған еді. Яғни жауаптылар көлеңкелі тауар тасымалын қалай тоқтатпек екен?
Дереккөз qazaqstan.tv. Фото ortalyq.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через