Вашингтонда қазақ мектебі ашылады

Вашингтонда қазақ мектебі ашылады
фото: skyeng.ru

Вашингтонда қазақ мектебі ашылады

АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ мектебі ашылады. Себебі баласына ана тілінде білім бергісі келетін ата-аналар қатары жыл сайын артып келеді. Жастарды еріксіз елітіп әкететін Америка қоғамында қазақы болмысты сақтап қалу – өзекті мәселе болып қалуда.

«Қазір қарап отырсақ, бес-алты жасқа келген балалар қазақ тілін оқимыз деп жатыр. Сол үшін Қазақстаннан оқулық әкеліп жатырмыз. Тілді сақтау - үлкен мақсат. Біздің отанымыз, тамырымыз жоқ емес, еліміз бар, дәстүріміз бар. Мұны балалар білуі керек деп ойлаймын»,- дейді қазақ-американ қауымдастығының жетекшісі Дархан Нұрмаханбет.

Белсенділер қазақ тілді мектептен бөлек, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін домбыра үйірмесін және «Балауса» деген хор ашқалы жатыр. Осындағы қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтауға Қазақстан елшілігі де мейлінше қолдау білдіреміз деп отыр.

«Отандастар» қорымен құрып жатқан біраз жоспарымыз бар. Қазақтың Америкадағы ең үлкен шаңырағы біздің елшілік деп білеміз. Біздің айтар сөзіміз - «әр қазағым жалғызым», - дейді Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев.

Жалпы АҚШ-та  алпыс жыл бұрын небәрі жиырмаға жуық қазақ отбасы болса, қазіргі таңда қатары өсіп, саны 100 мыңға жуықтаған. Оның бір бөлігі - Түркия, Моңғолия, Қытай секілді мемлекеттерден келген қандастар. Қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған жер - Нью-Йорк. Одан кейінгі орында Маями, Лос-Анжелес пен Чикаго қалалары тұр.

Bugin.кз