фото: https://sputnik.kz
Ұзынағаштықтар медицина қызметінің сапасыздығына шағымданды
Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының тұрғындары медицина қызметінің сапасыздығына шағымданды.
Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында 70 мың адам тұрады. Ауылда медициналық қызмет көрсететін екі мекеме бар.
"Кеше қызымды невропатологқа қарату үшін емханаға келдім. Тіркеу бөлімінде "бүгін дәрігер жоқ, ертең келіңіз" деді. Бүгін келсем, "больничныйға" шығып кетіпті. Кеше неге айтпадыңыздар десем, "ауырып қалатынын білмедік" дейді. Ал қызым сабақтан қалды. Жалпы дәрігерлер дұрыс қабылдамайды", - дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Бағиза Қалиолла.
"Өмір бойы осы проблема. Міне қаншама адам отырмыз. Басқа жаққа барсаң, ондай проблема жоқ. Кезегі былай тұрсын, дұрыс жауап бермейді. Біресе анда, біресе мұнда жұмсайды", - деп ашуланды Гүлнәр Нұржанова.
Ауыл тұрғындары емхананы былай қойғанда, аурухана дәрігерлері де дұрыс емдемейді деп шағымданды. Ауылда 87 дәрігер қызмет көрсетеді. Тәжірибелі 1 дәрігердің жүктемесі – 1770 адам. Демек кадр бойынша да анау айтқандай проблема жоқ.
Жамбыл ауданы орталық ауруханасының директоры Дамир Сұраужанов жұмыста еш мәселе жоқ екенін жеткізді.
"Емделушілер тарапынан дәрігердің қызметі мен пациенттің диагнозын анықтау бойынша шағым түскен жоқ. Пациенттің денсаулығына қатысты қорытынды клиникалық диагнозды дәрігерлер облыстық аурухана дәрігерлерімен кеңесе отырып анықтайды", - дейді Дамир Сұраужанов.
Оның айтуынша, дәрігерлер үнемі біліктілігін арттыру үшін тренингтерге қатысып тұрады.
Ауруханада пациенттерге қолдау көрсету және ішкі бақылау қызметі де бар көрінеді. Ал дәрігерлер әлеуметтік желідегі тұрғындардың наразылығынан хабарсыз болып шықты.
sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через