Ұшақ билеттері қымбаттады

Ұшақ билеттері қымбаттады

Ұшақ билеттері қымбаттады

2021 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша әуе жолаушылары тасымалының бағасы соңғы бір жылда 8,7 пайызға қымбаттап кеткен. Finprom-ның жазуынша, қымбатшылық әсіресе Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында қатты сезілген.

Түркістан облысында ұшақ билеттерінің құны соңғы бір жыл көлемінде 30 пайызға қымбаттаса, Қызылорда облысында 22,9, ал Маңғыстау облысында 19,4 пайызға өскен. Елдегі 17 өңірдің ішінде тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана баға былтырғы қазан айындағы көрсеткішімен қалған. Сонымен қатар Павлодар (12,7 пайыз), Батыс Қазақстан (15,3 пайыз) және Ақмола облыстарында (22,5 пайыз) да баға төмендеуі байқалады.

Бұл ретте қаңтар-қыркүйек аралығында әуе ком­па­ния­ларының табысы 265,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғы көрсеткіштен екі есе асып түскен. Табыстың негізгі бөлігі – 252,6 млрд теңге жолаушылар тасымалынан түссе, қалған 13,1 млрд теңге жүк тасымалдарын тасу нәтижесінде түскен. Салыстыра айтар болсақ, 2020 жылдың үш тоқсанында әуе компанияларының табысы 135,8 млрд теңгені құраған. Бұл 2019 жылдың үш тоқсанындағы табыс­тан екі есе аз. Әрине бұған COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған түрлі шектеу шаралары, шекаралардың жабылуы әсер еткені сөзсіз. Әуе компанияларының табысы шарықтай өскен уақыт ретінде Finprom 2016 және 2019 жылдарды айрықша бөліп атайды.

«2021 жылдың тоғыз айында әуе компаниялары 6,9 млн адамды тасымалдаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 81,5 пайызға жоғары көрсеткіш. «Коронадағдарысқа» дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда биыл жолаушылар тасымалы 8,1 пайызға өсті. Еске салайық, 2020 жылдың тоғыз айында жолаушылар тасымалы 40,4 пайызға құлдырап, небәрі 3,8 млн адамды құраған еді», деп жазады портал.

Биыл қаңтар-қыркүйек арасында әуе компаниялары 25 мың тонна жүк пен багаж тасымалдаған. Бұл да былтырғы деректен 61,8 пайызға көп. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 2020 жылы әуе компанияларының шығыны 350 млрд теңге болған. Қазір ішкі рейстердің барлығы дерлік толықтай қалпына келді, сондықтан жолаушылар тасымалы да күн санап өсіп жатыр.

 

«Қазір «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жасалып жатыр. Ол бойынша бес әуежай (Қостанай, Орал, Қызылорда, Шымкент, Алматы) модернизациядан өтеді. Сондай-ақ 8 аэродромдағы әуе линиясы инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланған», деп жазады Finprom.

2020 жылдың қорытындысы бойынша ішкі әуе тасымалы бойынша Air Astana көш бастаған. Оларға ішкі әуе тасымалының 70 пайызы тиесілі. Соның ішінде 31 пайызы FlyArystan-ның еншісінде. Екінші және үшінші орындарды 24 және 4 пайызбен SCAT Airlines пен Qazaq Air бөліседі. Сонымен қатар «Южное небо» 2 пайыздық көрсеткішке ие. Халықаралық әуе тасымалы бойынша да Air Astana-ның бәсі жоғары – 46 пайыз. SCAT Airlines 16 пайызды алса, «Аэрофлот» 9 пайыз деңгейінде жолаушыларды шекара асырады. Үздік бестік қатарына Turkish Airlines (7 пайыз) және Flydubai (5 пайыз) компаниялары да кіреді.

2020 жылы Air Astana-ның табысы 400,3 млн долларға жеткен. Әуе компаниясының құрамында орташа жасы 5,1 жылды құрайтын 34 әуе кемесі бар.

 

Мәтіндегі ақпарат туралы