Ұлыбритания азаматы Сабина елуден астам күйді жатқа біледі

Ұлыбритания азаматы Сабина елуден астам күйді жатқа біледі
фото: Atr.kz

Төрт жылдан бері Атырау қаласында тұратын Ұлыбритания азаматы Сабина Мастерс аз уақыт ішінде домбырада ойнауды оп-оңай үйреніп алған. Қазір 50-ден астам күйді тәп-тәуір орындайды. Бұл да болса киелі күй елінің құдіреті шығар. Сырт келбеті жас көрінетін әйелдің жасы елу жетіде болып шықты. Бір қызығы, ол күнделікті тірлігі қым-қуыт қала ішінде велосипедпен жүреді екен. 

Отағасы осында шетелдік компанияның инженері болып жұмыс істейді екен. Олар бөтен елге келген бойда жергілікті ұлттың салт-дәстүрі мен тыйым-жоралғысын, әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен дінін үйрене бастапты. Тіпті, театр мен филармонияға барып, концерт тамашалауды дәстүрге айналдырған. Сондай ән әуелеп, күй күмбірлеген кештердің бірінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлер Сабинаның жан дүниесіне қатты әсер етіпті. Атыраулық өнерпаздардың талантына тәнті болған ол алдына үлкен мақсат қойғанын айтады. Қалайда домбыра шертуді үйренеді. Бірақ қазақ тілінде бірде-бір сөз білмейтін шетелдікті домбыраға үйрететін тәлімгер табылмаған.

 – Мені домбыра сыныбының мұғалімі Ерлан Сақтанов сынақ мерзімімен алуға келісті. Басында өте қиын болды. Себебі, мен қазақша, ол ағылшынша білмеді. Алайда, екеумізді музыканың ғажап құдіреті жіпсіз байлап, жүректі баурап алды. Оның табандылығы мен талапшылдығына тәнті болдым. Шыдамдылығына шексіз ризамын, маған дәріс беріп жүргеніне төрт жыл болды. Тіпті, пандемия кезінде де байланысымыз үзілген жоқ, сабағымыз онлайн-форматта жалғаса берді, – дейді Сабина ханым. Ол домбыра сабағына күніне төрт сағат уақытын бөледі. Осы мақсатта бір емес, үш домбыра сатып алғанын айтады. Біреуі Атырауда, екіншісі – Англияда.  Сабина аз уақытта күйшілердің бір емес, екі бірдей байқауына қатысып үлгеріпті. Ағылшын әйел күй атасы  Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей мен дәулескер домбырашы Әзидолла Есқалиевтің күйлерін де нақышына келтіре орындағанда, көрермендер орындарынан тұрып қол соққан. Осылайша, оған арнаулы жүлде табыс етілген. 

– Мені бәрінен бұрын Құрманғазының күйлері қайран қалдырады. Ұлы күйшінің өмірі де оңай өтпеген деседі. Ол бар ғұмырын әділетсіздікпен күресіп өткізген. Арман-мақсатын күй арқылы жеткізген. Бұл дала билеушілеріне жақпаған. Ақыры бірнеше рет қудалауға ұшырап, түрмеге де отырған. Осының барлығы жүрегімді елжіретіп жіберді. Мен енді қазақ күйлері жөнінде ғылыми жұмыспен айналысқым келеді. Қазақ тарихындағы Құрманғазының саяси ролі туралы диссертация қорғауды ойлап жүрмін. Англиядағы студенттер бұл туралы тереңірек білсе екен деймін. Сол үшін де қазақ тілін жан-жақты меңгеріп алғым келеді. Осы мақсатта Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінен қазақ тілін меңгеріп шығуды жоспарлап отырмын. Сосын Құрманғазы мұрасын толыққанды зерттеу мақсатында қазақ ауылдарын аралау да ойымда бар, – дейді ол. Қазақша ас дайындайтын ағылшын Ұлыбритания азаматы Сабина Мастерс қазақтың ұлттық тағамдарына да ғашық болып қалыпты. Әсіресе, қазақша ас тағамы мен кәдімгі құрттың дәмі таңдайына татыған екен.

 Қазір үйде де бесбармақ дайындаймын. Англияда тұрып жатқан балаларым да оны қатты жақсы көреді. Шұбат пен қазыны да сатып алып тұрамын, – дейді ол. Германияда туған Ұлыбритания азаматы Сабинаның мамандығы – дәрігер. Голландия және Англия университеттерінде білім алған. Әйтсе де, мамандығы бойынша еңбек етуді маңдайына жазбапты. Отағасының жиі жұмыс ауыстыруына байланысты үнемі көшіп-қонумен келеді. Осыған дейін олар Ресей, Бруней мен Сирияда тұрыпты. Солардың ішінен ерлі-зайыпты екеуіне Қазақстан мен Сирия елдері айрықша ұнаған. Айтпақшы, Сабина – ежелгі грек аңыз-әңгімелері бойынша бірнеше рет диссертация қорғаған ғалым. 

–  Қазақстандықтар өте жомарт және мәрт келеді. Қазақ халқының қонақжайлығы қатты ұнайды, қиындықта қолұшын беруге дайын тұрады. Сондықтан да болар, бұл жерде менің достарым өте көп. Олар өте белсенді және әрқайсысы әр салада қызмет етеді. Кейбірінің жеке кәсібі де бар. Мен күй байқауына қатысқан кезде олар бірі қалмастан келіп, қолдау көрсетті. Мен бұл үшін оларға өте ризамын. Республика күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздіктеріңіз тұғырлы, ұрпақтарыңыз ғұмырлы болсын, – деп, Сабина елдің ұлттық мерекесінен де хабарлы екенін аңғартты. 

ҚазАқпарат