Ұлттық қолөнер халықаралық нарыққа шығады

Ұлттық қолөнер халықаралық нарыққа шығады

Қостанай облысынан 35 қолөнерші халықаралық BornNomad көрме­сіне қатысады. Олар қазір онлайн режімде дайындықтан өтіп жатыр. Одан кейін аталған көрмеге еліміздің әр өңірінен қатысатын өзге шебер­лермен «Дәстүр және мәдениет», «Инновациялар», «Шебер шығарма­шылы­ғын­дағы әйел бейнесі», «Жас таланттар», «3D қолөнері» және «Шығар­машылық коллаборация» номинациялары бойынша өнер сайысына түседі.

Ұйымдастырушылар байқау нәти­же­сінің қалай болатынына қарамастан, іс-шараға қатысқан қолөнер шебер­лерінің бәрі дерлік туындыларын ха­лықаралық сау­да алаңдарына шы­ғаруға және қол­өнерді лайықты табыс көзіне айналдыру мүмкіндігіне ие болатынын айтады.

– BornNomad АҚШ-тың Қазақ­стандағы елшілігі мен «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жобасы. Ұлт­тық мұ­раны жаңғырта отырып, ауқымды түрде насихаттауды көз­дейтін бұл жо­ба Қазақстанның дәс­түрлі қолөнері мен халықтық өне­рінің қазіргі заманғы интерпретация­сын ынталандыруға бағытталған. Жобаға Chevron және Exxon Mobil компаниялары демеу­ші­лік етіп отыр. Жеңімпаздарды АҚШ пен Қазақстанның сарапшылары таң­­дайтын болады, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Сәния Иментаева.

Көрмеге қатысушылардың ішінде былғары, тоқыма, киіз, ағаш және металмен жұмыс істейтін шеберлер бар. Олардың айтуынша, әлемдік беделге ие айтулы көрме ұлттық қолөнер туындыларын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

– Біздің өңірде қолөнер өндірісі жақсы дамып келеді. Алайда шебер­лердің көбі үйде жұмыс істейтіндіктен, көбіне-көп олардың насихатталу жағы кемшін түсіп жатыр. Ал BornNomad жобасына қатысқан әрбір ісмер, иә ұста, кез келген қолөнер шебері өзінің төл туындысын сатып қана қоймай, кәсібінің ауқымын әрі қарай кеңейтіп, дамытуға ынталанады, сондай-ақ бә­секеге қабілетті болуды үйренеді. Бұл біз үшін өте қажет дүние. Мәселен, мені қазірдің өзінде французға немесе ис­пандыққа, иә болмаса жапондыққа ұнайтын қандай дүние ұсынуға болады деген ой мазалай бастады. Яғни бұл жоба бізді Wildberries және Amazon-ға шығару арқылы халықаралық нарыққа бағыттайды. Әу баста мен бұл байқауға бір ғана идеямен қатысқанмын, бірақ оқу-үйрену барысында мүлде жаңа бастамалар туындап, тың идеялар келе бас­тады. Алдағы көрмеде екі адам болып «Шығармашылық коллабо­рация» номинациясы бойынша бақ сынап көрмекпіз. Мен – автормын, әріптесім орындаушы болады, – деді Қостанайдағы Qoloner қоғамдық қо­рының басшысы Сәуле Қабидулова.

Байқау жеңімпаздарының есімдері қыркүйек айында өтетін ауқымды қолөнер фестивалінде белгілі болады.

© egemen.kz