Ұлттық челлендж: мектеп пен колледждерде бір уақытта қазақтың күйі ойналады

Ұлттық челлендж: мектеп пен колледждерде бір уақытта қазақтың күйі ойналады
фото: sputnik.kz

Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде Наурыз мерекесіне арналған акция өтеді. Барлық білім беру мекемелерінде қазақтың күйі бір уақытта ойналатын болады, деп мәлімдеді білім министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Аман Сейітов.

"Наурыз мейрамына" арналған ұлттық челлендж 17 наурызда елорда уақытымен сағат 12:00-де болады. Аман Сейітовтың айтуынша, бұл шара ұрпақты рухани-адамгершілікке, мәдениетке және патриоттық сезімге тәрбиелейді.

"Домбырашылар челленджі - балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер және домбыраны насихаттаудағы шығармашылық жетістіктерін көрсету. Бұл шараға кез келген адам қатыса алады. Мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өтеді.Бұл республиканың мәдени өміріндегі ерекше оқиға", - деп атап өтті Аман Сейітов.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі 10-17 наурыз аралығында Қазақстанның барлық жалпы білім беретін мекемелерінде: мектептер мен колледждерде өтеді.

Бұл күндері республикада "Таза табиғат" жалпы республикалық акциясы, "Жасыл үй" челленджі, "Мейірімді ұлт" қайырымдылық акциясы, ұлттық тағамдар фестивалі, "Қолөнершілер жәрмеңкесі" қайырымдылық акциясы, ұлттық ойындар мерекесі, "Наурыз-ұлыстың ұлы күні" суреттер байқауы және "Отбасы-бақыт мекені" отбасылық жарысы болады.

Қазақпарат