фото: https://sputnik.kz
Ұлттық банк қандай банкноттар жиі қолдан жасалатынын айтты
2022 жылдың І жарты жылдығында Қазақстан Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер 408 150 теңгенің қолдан жасалған 139 ақша анықтады.
Ұлттық банк банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиевтің мәліметінше, бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз көрсеткіш.
"Көп жағдайда номиналы 2 000 теңгелік банкноттар (97 дана) қолдан жасалған. Олар жалпы көлемнің 70%-ын құрайды. Номиналы 5 000 теңгеліктен – 15 дана (11%), 10 000 теңгеліктен – 10 дана (7%) ақша қолдан жасалған. Қалған 9%-ы өзге номиналдағы банкноттарға тиесілі", - дейді Асқат Мұқамадиев.
Жалған банкноттардың көп бөлігі Алматыда – 68 дана (жалпы көлемнің 51%-ы), Нұр-Сұлтан қаласында – 16 дана және Шығыс Қазақстан облысында 29 дана анықталды.
Қазақстан Ұлттық банкі түпнұсқа банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым қағидалардың бар екенін еске салады. Банкноттарда бедер тудыратын арнайы мөр бар.
Сол сияқты барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қолмен ұстағанда жақсы білінетін дөңес тәрізді жоғары бедерлі элемент түріндегі белгілер бар.
Банкноттың түсі анық және контрастылы болуға тиіс, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотты жарыққа бағыттап көру қажет.
Банкнот бетіндегі жазулары бар тұтас жіп тәріздес, жарықта анық көрінетін жазулар бар үзік сызық түріндегі тұтас магниттік және сүңгуір жіпке де назар аударған жөн.
"Номиналы 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттарда түрлі-түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске дейін өзгереді", - деп толықтырды Мұқамадиев.
Купюраны осы әдіспен тексеруге бірнеше минут уақыт кетеді және ол банкноттың түпнұсқасын анықтауға көмектеседі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через