Үлкен Алматы айналма автожолы ресми түрде пайдалануға берілді

Үлкен Алматы айналма автожолы ресми түрде пайдалануға берілді
       Алматы қаласын кедергісіз айналып өтуге негізделген автожол ресми түрде ашылды. 66 шақырымды көлік жүргізушілері жарты сағатта жүріп өте алады.
       Құрылысы 3 жыл бұрын түрік-кореялық консорциумының негізінде қолға алынып, басталған алты жолақты жол жоспарға сәйкес 2024 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Десе де қарқынды жұмыстардың нәтижесінде бұл нысан мерзімінен бұрын тапсырылып отыр. Оның ресми ашылуына ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. 

       “Бұл еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Осы жол құрылысы халықтың игілігі үшін қолға алынғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық”,- дейді комитет төрағасы Төлеген Абдуллин.

       Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

       “Аталған айналма автожолы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп,  инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз”, -  дейді Марат Сұлтанғазиев.

       Жалпы Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады деп күтілуде. Жаңа жолдың сапасын сынап көру үшін бүгін 10 ауыр жүк көлігі, 10 автобус және жеңіл автокөліктер жүріп өтті. 

       “Бұл айналма жол Алматы қаласы мен Алматы облысына шынымен де қажетті жобалардың бірі. Өз басым жүк тасымалымен айналысамын және Алматының кептелістерін жақсы білемін. Үлкен Алматы айналма жолы ашылса, жүк тасымалдаушылар мен қарапайым тұрғындардың жүріп-тұруы жеңілдеп, кептеліс мәселесі шешіледі деген ойдамыз”, - деді көлік жүргізушісі Михаил Драница.

       Концессия тетігіне сәйкес құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражатын есебінен жүргізген. Енді таяу 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады.

       Stan.kz